Құқық қорғау органдары

Милиционер Юрий Медведевдің оқиғасы

Әлсізге көмек көрсету, қоғамдық тәртіпті қадағалау. Бұл – полицейдің ертеден келе жатқан міндеті. Марқұм Юрий Медведев – сол міндетке берік бола білді. 1963 жылы ол өзінің қызметтік борышын өтеп жүріп, жазым болды. Ержүректік пен батылдық таныта білген тәртіп сақшысының есімі Петропавл көшелерінің біріне берілген.

Медведев көшесі әр қала тұрғынына таныс. Оның бойында Вокзал тұр, сондықтан Петропавлға келген әрбір жан ең алдымен осы көшеге аяқ басады. Ол 63-ші жылы қызметін өтеп жүріп, жазатайым қаза тапқан жерлес батыл, ол кезде милиционер, Юрий Медведевтің атымен аталған. Қайғылы оқиға барысын тәртіп сақшысының қызы Людмила Бахур баяндап берді.

Людмила Бахур – Юрий Медведевтің қызы:

– Әкем кезекшілікте болған. Түннің біруағында қоңырау түседі. Ішімдікке тойып алған біреу қолына қару алып, әйелін атып тастапты. Көршілер милиция шақырған. Әкем серігін ертіп, мекенжайға барады. Үйдің ішіне кіріп келген кезде манағы қылмыскер шүріппені басып жібереді. Оқ әкемнің тура сол көзіне тиеді. Ол дәл сол жерде бірден мерт болған. Бұл оқиға желтоқсанның 16-сы болған еді.

Оқиғаны еске алған сайын Людмила Бахурдың көзіне жас толады. Өйткені, келесі күні, желтоқсанның 17-сі оның 6-шы туған күні болатын. Бірақ, сыйлық алудың орнына қаршадай қыз әкесіз қалғанын естиді. Анасы мен ағасы да қайғыдан қан жұтады. Қазір Юрий Медведевтің қызы Ресейде тұрады. Оның үлкен отбасы бар. Ал Петропавлға жолы түсе қалса, әкесінің есімімен аталған көшемен міндетті түрде жүріп өтеді.

Людмила Бахур – Юрий Медведевтің қызы:

– Мен үшін бұл – ерлік емес. Бұл – нағыз ер азаматтың, полицейдің міндеті. Бірақ, әкемнің есімін елеусіз қалдырмаған теріскей өлкесіне алғысым шексіз. Қазақстан жеріне, Петропавл жеріне келген әрбір адам алдымен Юрий Медведевтің көшесіне аяқ басады. Бұл – мен үшін үлкен құрмет.

Бұл көше бұрын “9-шы қаңтар” деп аталған екен. 65-ші жылы оған Юрий Медведев есімін берудің артында үлкен мән жатыр. Себебі, сержант дәл осы көше бойындағы үйлердің бірінде қаза тапса керек. Небәрі 33 жасында көз жұмған ержүрек полицей жайлы естеліктер өңірлік полиция департаментінің музейінде де бар. Мұндағы сөрелерге оның жазым болған күні киген формасы, қолындағы сағаты, құжаттары мен сүйікті кітаптары қойылған.

Любовь Осинская – СҚО ПД музейінің жетекшісі:

– Юрий Медведевтің ерлігіне біз шағын болса да, бөлек стенд арнадық. Өйткені, оның ержүректігі, батылдығы – қазіргі полицейлер үшін үлгі. Нағыз тәртіп сақшысы өзгенің өмірін сақтау үшін өз басын қатерге тігуден қорықпау керек. Жәдігерлердің барлығын Юрий Медведевтің зайыбы Полина Даниловнаның өзі берді.Тірі болса, Юрий Медведев биыл 89 жасқа толар еді.

Саят Ермек