Құқық қорғау органдары

Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері құрметке бөленді

Бүгін өңірлік қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің 50-ге жуық маманы марапатқа ие болды. Қазақстан полициясы күніне орай кейбірінің погондағы жұлдыздары көбейді, ал бірқатары медаль тағынды.

Бұл тәртіп сақшылары қылмыскерлермен күнделікті жұмыс істейді. Оларды күзетеді, есепке қояды, жазасын өтегендерді қоғамға қайта бейімдейді. Қысқасы, қызмет жауапты. Сондықтан, тыныштығымыздың күзетіндегі оларға нендей құрмет көрсетсең де, лайықты. Қылмыстық-атқару жүйесінің мамандары төл мерекелері – Қазақстан полициясы күні қарсаңында құттықтаулар қабылдауда.

Бөкенбай Жүсiпов, СҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы:

– 23-ші маусым – егеменді еліміздегі бейбітшілікке үлес қосқан тәртіп сақшыларына құрмет көрсету күні. Төзімділік, қырағылық, қарапайымдылық деген ұғымдарды бойына сіңіріп, қызметтің қиындығына қарамастан, анттарына адал болып қалған ерлердің ерлігін ұлықтау күні.

Арман Макашев бүгін өзінің кезекті наградасын алды. Уәлиханов аудандық пробация қызметінде инспектор болып еңбек ететін маман қылмыстық-атқару жүйесін дамтыуға қосқан үлесі үшін медаль тағынды. Қанша қиын болса да, мамандығын ол сүйеді. Сондықтан, марапат ерекше ыстық дейді.

Арман Макашев, Уәлиханов аудандық пробация қызметінің аға инспекторы:

– Қызметіміз – сотталғандармен жұмыс істеу, оларды тексеру, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету. Қазіргі уақытта 20 адамдай есепте тұр. Оларға әлеуметтік қорғау бөлімі және әкімдікпен бірлесе көмектесеміз, 70-80 пайызын жұмысқа тұрғызамыз.

Тағы 5 маман “Мінсіз қызметі үшін” медалімен марапатталды. Ал онға жуық офицер мен сержант кезекті шендерін алды. Қатарында Айгерім Қасенова да бар. Ол темір торға тоғытылған нәзікжандылармен жұмыс істейді.

Айгерім Қасенова – СҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің діни экстремизм мен терроризмге қарсы инспекторы:

– “Әділет аға лейтенанты” шенін алып жатырмын. Өте ризамын, өте қуаныштымын! Жұмысым оңай деп айта алмаймын, бірақ өзіме өте ұнайды. Әңгімелер, дәрістер өткіземін. Бас имамдар, арнайы теологтар келеді бізге.


Грамоталар мен алғыс хаттар да өз иелерін тапты шарада. Ал салтанатты бөлім тәмамдалған соң, тәртіп сақшыларын келе жатқан кәсіби мерекелерімен өңір өнерпаздары құттықтады.

 

Саят Ермек