МТРА жаңалықтары

Теріскейліктер Президент бастамаларын орындауға дайын

Халықтың табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, сот және құқық қорғау жүйесін реформалау. Саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері Президенттің бастамаларын орындауға дайын.

9 маусым елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өтті. Саяси додаға 7 бірдей кандидат түсті. Олардың барлығының бағдарламалары ел тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсартуға негізделген болатын. Бүгінде бұл басымдықтарды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды дамытуға арналған бастамасына біріктірді. 10 бағыт. Әрбіреуі толыққанды іске асып, жоспар орындалса, шамалы уақыттың ішінде нәтиженің болары сөзсіз. Ол үшін бірлесіп жұмыс істеу қажет деді «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Евгений Глотов.

Евгений Глотов – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Бүгінде біздің өңірдегі орташа жалақы 113 мың теңгенің маңайында. Бұл республикалық көрсеткіштен 55 мың теңгеге аз. Мемлекет өз тарапынан бюджеттік салада жұмыс істейтіндердің жалақысын көтеретіні белгілі. Назарды орта және кіші бизнес өкілдеріне аударту қажет. Серіктестік басшыларына осы ретте қол астындағы жұмысшыларды лайықты айлықпен қамтамасыз ету қажеттігін айтқым келеді.

Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, жұмыс істеуге өңірдегі өзге партиялар мен қоғамдық ұйымдар да ниеттеніп отыр. Облыстық кәсіподақтар орталығының тарихы тереңде жатыр. Осымен 1 ғасырдан астам уақыт ол еңбекші қауымның құқығын қорғауда. Шаруаны әрі қарай жалғастырамыз дейді. Бұл ретте ұйым мемлекет басшысының айқындаған міндеттері негізінде жұмыс істемек.

Ерік Нұрақаев – «Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы:

– Халықтың тұрмыс деңгейін арттыру, жұмыс орындарын ашу, лайықты жалақы төлеу. Соны біз іске асыруға ат салысамыз. Мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымдары бар бізде. Солардың барлығымен жұмыс істейтін боламыз.

Әділетті әлеуметтік саясат, тұрғын үй мәселесі, сыбайлас жемқорлықты жою және сот пен құқық қорғау жүйесін реформалау. Соңғысы да өте өзекті дейді заңгер Евгений Кинцель. Айтуынша, аталған салада күрделі өзгерістер орын алуы қажет. Себебі, тұрғындардың тарапынан сот шешімін орындау өте сылбыр жүргізілетін көрінеді.

Евгений Кинцель – заң консультанттарының солтүстікқазақстандық тәуелсіз палатасының басқарма төрағасы:

– Сот үкімі шығарылады, бірақ оның іске асуы өте баяу. Жеке сот орындаушыларының институты енгізілгеннен кейін бұл шаруа біршама ілгерілеген болатын. Соның өзінде проблема әлі күнге дейін бар. Әсіресе, алимент төлейтіндерден тиісті соманы өндіріп алу қиын.

Ел Президенті жастарды да назарсыз қалдырған жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаевтың 10-шы бастамасы кейінгі ұрпақты қолдауға бағытталған. Еліміздің болашағы сапалы білім алып, жұмысқа орналасып, өз идеяларын жүзеге асырулары қажет.

Евгений Глотов – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Жастарды жұмысқа орналастыру бағдарламасы іске қосылады. Әрбір жас адам өзінің арманын жүзеге асырып, жеке табыс тарихын құрғысы келсе, біз оған көмектесуіміз керек.

Шара барысында жиналғандар теріскейліктер үшін үндеу де қабылдады. Құжатта барша солтүстікқазақстандықтар мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға шақырылды.

 

Эльмира Садвокасова