Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдіктің отырысы өтті

Бүгін облыстық әкімдіктің кезекті отырысы өтті. Алқалы жиында өңірдің қаңтар-мамыр айлары аралығындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші сөз болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді өркендетуге арнаған 10 бағыты төңірегінде де әңгіме өрбіді. Және Петропавлды абаттандыру жайы қаузалды.

Облыстық әкімдіктің отырысында өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловтың 5 орынбасары да мінберге шығып, баяндама оқыды. Алдымен сөз кезегі Марат Тасмағанбетовке берілді. Ол жыл басынан ауыл шаруашылығы саласында қандай жұмыс атқарылды, алдағы уақытта не тындырылатындығын жіпке тізді.

Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Қаңтар-мамыр айлары аралығында ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 2,4% өсіп, 51,1 млрд теңгеге жетті. Түскен табыстың дені мал шаруашылығына тиесілі. Салаға 30 млрд теңгеден аса инвестиция тартылды. Бұл республикалық көрсеткіштің 24,5% құрады.

Көрсеткіш сәл ғана өзгерген. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовке дәл осылай деді. Көлемді одан әрі арттыру қажет. Ол үшін мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатыр. Мысалы, биыл өңіріміздегі бірнеше ірі өндіріс ошағына ел қазынасынан қыруар қаржы құйылыпты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қыс, көктем мезгілінде “Атамекен”, “Эксперт-Астық” және “Әліби” холдингтеріне Үкімет тарапынан қаржылай көмек көрсетілді. Бұрын олар дами алмай отырған еді. Енді, ақша бөлініп, табысты жұмыс істеуге жағдай жасалды. Сол себепті, ірі кәсіпорындар көрсеткішті арттыруы міндетті. Әрі өздері іске инвестиция құюлары керек.

Кейін, әңгіме ауаны өндіріске ауысты. 5 айдың ішінде бұл салада да бірталай шаруа атқарылыпты. Нәтижесінде 93,9 млрд теңгенің өнімі шығарылған. Өсім 5,4 пайызды құрайды. Аталған көрсеткіш бұдан да жоғары болар еді. Үстіміздегі жылы облыс орталығы мен бірнеше ауданда нақты көлем индексі өзгермеген немесе төмендеп кеткен екен.

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:

– Петропавл қаласы мен Мағжан Жұмабаев ауданында нақты көлем индексі өзгермеді. Ал Жамбыл, Мамлют аудандарында бұл көрсеткіш төмендеді. Себебі, оларда ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу қызметіне сұраныс азайды. Тағы, төрт-түлікке азық әзірлеу ісіне де тапсырыс қысқарды.

Петропавлда өндіріс көрсеткіші неге өзгеріссіз? Себебі, облыс орталығында жұмыс істемей тұрған ірі кәсіпорын бар. Ол – “ЗИКСТО”. Жақында аталған зауыттың басшылығы ауысты. Енді, өндіріс ошағының тамырына қайтадан қан жүгіртіп, істі бастау қажет.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Дәурен Жандарбекұлы, біз зауыттың жаңа басшылығымен бірлесіп өндіріс ошағын шілдеде іске қосу керекпіз. Уақыт аз қалды. Сондықтан күн-түн демей еңбек етіп, мамандарға көмек көрсетіңіздер. Бұл кәсіпорынның өнімі сұранысқа ие. Тауарымызға қызығатындар көп. Сол себепті, зауыттықтар келесі айда қайтадан еңбекпен қамтылатын болсын.

Осы орайда Құмар Ақсақалов қаламыздағы басқа да зауыт директорларын орындарынан тұрғызды. Олар атқарылған істі әңгімелеп, жоспарларымен бөлісті.

Амангелді Арғымбаев – “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ бас директоры:

– Былтыр 3 млрд 500 млн теңгенің тауарын шығардық. Ал биыл 4 млрд 200 млн-ның өнімін өндіруді жоспарлап отырмыз. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Басқа да бағыттарда жұмыс істеп, өндірісті арттырмақ ниеттеміз.

Өндіріс көлемін арттыру үшін жаңадан кәсіпорындар тұрғызу керек. Мұндай жұмыс теріскейде атқарылып жатыр. Жақында кірпіш зауытын салу бойынша келісім шартқа қол қойылыпты. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов құрылыс материалын әзірлейтін кәсіпорын біздерге аса қажет дейді. Сондықтан, іске қарқын қосып, алдағы қыста кірпіш шығаруды бастау керектігін баса айтты. Кейін, ортаға Антон Федяев шықты.

Антон Федеяев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Биыл біз Петропавлда 403 пәтерден тұратын 6 тұрғын үй саламыз. Келесі жылғы құрылыс жұмыстарына да өтініш бердік. Жобалар мақұлданды. Қазір іске ақша бөлу жайы қарастырылып жатыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мемлекет басшысы елді дамытудың 10 бағытын жариялады. Оның бірі -тұрғын үй мәселесін шешу. Сондықтан, Петропавлдағы құрылыс жұмыстарына екпін беруге міндеттіміз. Баспаналарды Нұрсұлтан Назарбаев және Мағжан Жұмабаев көшелерінің бойында салу керек. Ол учаскелердегі ескі ғимараттар сүріледі.

Жиында тұрғын үйден бөлек, келер жылы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ға қарасты жаңа оқу корпусын тұрғызуды бастау, жақын арада Әскери институт аумағында бірнеше нысан салу жайы да айтылды. Сөз барысында Құмар Ақсақалов аудан әкімдеріне құрылыс жұмыстары үшін бюжеттік ақшаға иек арта бермей, жекеменшік қаржы тартуды да қатаң тапсырды.

Және 2020 жылы жүзеге асырылатын істерге жобалық-сметалық құжаттаманы қазір әзірлеу керектігін ескертті. Ендігі кезек – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көрсеткен 10 бағыттың бірі – жаңа жұмыс орындарын ашуда. Бұл бағыттағы атқарылатын шаруаны облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев әңгімелеп жатыр. Оның сөзінше биыл теріскейде 12 мыңнан аса адам еңбекпен қамтылмақ. Оған қоса, мемлекет басшысы жалақыны арттыруды да жүктегенін жақсы білеміз.

Асқар Сақыпкереев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Өңір тұрғындарының табысы артқанымен төменгі сатыда тұрмыз. Бүгінгі күні өлкеміздегі орташа жалақы көлемі 113 мың 282 теңгені құрайды. Бұл орташа республикалық көрсеткіштен 55 мың теңгеге немесе 30 пайызға төмен.

Аймақ басшысы өңірімізде нақты табысын жасыратын кәсіпорындар барын айтты. Олар көл-көсір ақша таба тұра, жалақыны өсірмейді, шамадан тыс салықты төлегісі келмейді. Алдағы уақытта мұндай өндіріс ошақтары анықталып, жауапкершілікке тартылмақ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бірнеше кәсіпорынға тексеру жүргізілді. Нәтижесінде заңбұзушылықтар анықталып, 50 млн теңгеден аса айыппұл салынды. Мүлкі де тәркіленді. Қазір банкроттың алдында тұр. Асқар Жоламанұлы, күмән туғызған өндіріс ошақтарын тексеруді күшейтіңіздер.

Ал облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев денсаулық сақтау, білім беру және жастар саясатына тоқталды. Оның айтуынша жергілікті бюджет қолдауымен биыл өңір ауылдарына 60-тан аса дәрігер тартылмақ. Өскелең ұрпақ арасында кәсіпкерлікті дамыту бойынша да ауқымды іс жүргізілмек. Жиынды қала әкімі Болат Жұмабеков қорытындылады. Ол Петропавлды абаттандыру жөнінде баяндама оқыды. Қаланы көгалдандыру бағытындағы шаруаға аймақ басшысының көңілі толмады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Міне – Спорт сарайы. Маңында өскен шөптің биіктігі тізеге дейін жетеді. Қалада мұндай нысандар жетіп жатыр. Араларында мемлекеттік мекемелер де бар. Солардың жанын таза ұстауға болады ғой. Бір қызығы, біздің шаһарда шөпті шабатын 30-ақ маман бар екен. Оған қоса ғимараттардың жанында қоқыс үйіліп жатады. Жағдайды реттеңіздер.

Облыс әкімдігінің отырысы соңында Құмар Ақсақалов полиция департаменті бастығына маңайында қоқыс үйіліп жатқан нысан басшыларын жазалауды тапсырды. Тағы, аулаларды асфальттау, жиектас қою сынды жұмыстарды сапасыз атқарған кәсіпорындарды атап, олардың ісін көпшілікке көрсетті. Және мұндай мекеме басшыларына максималды түрде айыппұл салуды жүктеді.

Култанов Байболат