МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік қызметкерлер құрметке бөленді

Өңірде жалпы 4 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер бар. Апта соңында – халыққа қызмет етіп жүрген жандардың төл мерекесі.

Маусымның 23-і – Мемлекеттік қызметкерлер күні. Мереке қарсаңында елеулі еңбек етіп, ел алғысына бөленіп жүрген жандарды өңір басшысының атынан орынбасары Руслан Әлішев құтықтады.

Руслан Әлішев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Жоғары деңгейдегі сапалы мемлекеттік қызмет – әр елдің басты жетістігі. Дамыған мемлекет тиімді мемлекеттік қызмет негізінде құрылады. Ал мемлекеттік қызметкер – биліктің бейнесін, мемлекеттің халыққа қамқорлығын жеткізетін адам. Сондықтан, осы бағытты таңдаған адамға үлкен бағыт пен міндет қойылып отыр.

Өз кәсібінің жілігін шағып, майын ішкен 10 маман облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды. Олардың арасында Анар Садаева да бар. Нәзікжандының мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүргеніне 15 жылдың жүзі болған. Білікті маманға бүгін Құрмет грамотасы табыс етілді.

Анар Садаева – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:

– Жұмысын барысын Есіл ауданында жетекші маман ретінде бастадым. Барлық мемлекеттік қызметшілерді мерекемен құтықтаймын. Жұмыстарыңыздың жемісін көріңіздер. Адал еңбек етіп, мемлекеттің дамып, көркеюіне өздеріңіздің септіктеріңізді тигізіңіздер.

Сондай-ақ, шара барысында мемлекеттік қызметке қабылданған жас мамандар заңға бағынып, елге қалтқысыз еңбек етеміз деп ант берді.

Кейін тағы 5 маман Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің алғыс хатын иеленді.
Ханзада Тоқтарбаева 36 жылдан бері мемлекеттік қызметте еңбек етеді.

Ханзада Тоқтарбаева – СҚО экономика басқармасының бөлім бас маманы:

– 2008 жылы СҚО экономика басқармасына бас маман аудармашы болып ауыстым.Бастапқы кезде қиындықтар болды. Қазірде заманауи техика мен жақсарған жағдайларға байланысты жеңілдеді.

Жиын соңында мемлекеттік қызметкерлер арасында өткен спорттық спартакиаданың жеңімпаздары да марапатталды. Жалпы командалық есепте бірінші орынды Шал ақын ауданы иеленді. Құқыққорғаушылар арасында полицейлер ерекшеленсе, аумақтық органдардың ішінен мемлекеттік кірістер департаменті топ жарды. Ал басқармалардан дене шынықтыру және спорт басқармасы үздік атанды.

Маржан Касымбек