Құқық қорғау органдары

Қалта ұрыларынан сақ болыңыз!

Қонаққа келіп алып, жұрттың сөмкелеріне қол жүгірткен. Петропавлда қыз-келіншектердің әмиянын жымқырған ұры ұсталды. 42 жастағы Екібастұз қаласының тұрғыны осындай қылмысы үшін іздеуде жүрген көрінеді.

Оқиғалардың бірі қаладағы «От и До» сауда үйінің аяқ киім бөліміндегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Алаяқ ашық тұрған сөмкедегі әмиянды қолды қылады. Ішінде 20 мың теңге болған. Сатып алушы болса, ұрлықты тауарды төлемек болып кассаға жақындаған кезде бірақ байқайды.
Осыған ұқсас оқиға шаһардағы өзге де сауда нүктелерінде тіркелген.

Асан Таутаев – Петропавл қалалық ПБ екінші полиция бөлімі тергеу бөлімшесінің бастығы:

– Петропавл қалалық полиция басқармасының екінші полиция бөліміне сауда үйлерінен ұрланған әмияндар туралы бірнеше арыз келіп түсті. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Павлодар облысының тұрғыны ұсталды. Күдікті Петропавл қаласына туыстарына қонаққа келіп, сауда үйлеріне сатып алушы ретінде кіріп, қараусыз қалған сөмкелерден ақшасы бар әмияндарды ұрлаған.

Жедел іс-шара барысында ұсталған азаматша өзге қалаларда қалта ұрлығы фактісі бойынша іздеуде жүргені мәлім болды. Тәртіп сақшылары оны Жұмысшы кентіндегі туысының үйінде құрықтаған.

– Аяқ киім алайын деп дүкенге кірген едім. Ашық тұрған сөмкеден әмиянді көрдім. Өзімді ұстай алмай, әмиянді алып кеттім.

Ұрлық фактісіне қатысты Қылмыстық кодекстің 188-бабы 1-бөлімі бойынша іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Енді ұсталған азаматша 3 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Жалпы, шаһарда жыл басынан бері 30-ға жуық қалта ұрлығы әшкереленген. Тәртіп сақшыларының айтуынша бұндай алаяқтар қоғамдық көлік пен халық көп шоғырланған жерде жиі жүреді екен.

Актолкын Солтанханкызы