ТЖ

“Ракета” саяжай қауымдастығында тағы да өрт шықты

Петропавл маңындағы “Ракета” саяжай қауымдастығында тағы да өрт шықты. Өздерінің жазғы үйлерінде ұйықтап жатқан 41 жас шамасындағы ерлі-зайыптылар жанып кетті.

Оқиға маусымның 18-інен 19-ызына қараған түні«Ракета» саяжай қауымдастығында тіркелді. Жалынның күшті болғаны соншалық от тұтанған үй толығымен жанып кеткен. Ал ішінде ұйықтап жатқан 78-ші жылғы ерлі-зайыптылар оқиға орнында көз жұмды. ТЖД қызметкерлерінің сөзінше апат тұрмыстық газ құрылғыларын дұрыс пайдаланбау салдарынан туындаған.

Игорь Балеев – СҚО ТЖД басқармасының бастығы:

– Өрт туралы хабар тым кеш жеткендіктен, екі азаматты құтқару мүмкін болмады. Биыл «Ракета» саяжай қауымдастығында тілсіз жау осымен екінші рет бас көтеріп отыр. Бұған дейін сол аумақта жанған қоқысты қараусыз қалдырудың салдарынан 7 үй отқа оранған болатын. Ол кезде ешкім зардап шекпеп еді.

Жалпы, жыл басынан бері өңірде 369 өрт оқиғасы тіркеліп, 24 адам ажал құшқан. Бұл фактілер өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда біразға көп.

Оған қоса шомылу маусымы басталмай жатып суға кету жағдайлары да орын алды. Маусымның 18-і Уәлиханов ауданында 2005 жылы туылған бала рұқсат етілмеген жерде шомыламын деп, батып кеткен. Оның денесін жедел құтқару жасағының мамандары алып шығады. Жыл басынан бері облыс аумағында 4 адам су құрбаны болған. Осындай жайттарға байланысты ТЖД қызметкерлері алдын алу жұмыстарына баса мән беру қажеттігін айтты.

Марат Мұратов – СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс бөлімінің аға офицері:

– ТЖД мамандары тұрғындар арасында қайғылы жағдайларды болдырмау мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын өткізуді жиілетіп жатыр. Оған қоса 100-ден астам рейдтік шара ұйымдастырылды. Суға шомылуға рұқсат етілмеген жерлерге арнайы 110 белгі қойып, 44 көрнекті стенд орнаттық. Тұрғындар арасында 9 рет «Судағы қауіпсіздік» акциясын ұйымдастырып, 4 мыңнан астам дәріс оқып, әңгімелесу жүргіздік.

Құтқарушылардың айтуынша төтенше жағдайлардың туындауына көп жағдайда тұрғындардың немқұрайлылығы себепші болатын көрінеді. Осы ретте мамандар тиісті қауіпсіздік ережелерін ұмытпау қажеттігін қаперге салуда.

 

 

Маржан Касымбек