МТРА жаңалықтары

Кәсіподақ ұйымдарының мүшелері марапатталды

Қазіргі күні әрбір салада кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейді. Олардың мүшелігіндегі азаматтар өздерінің негізгі жұмыстарынан бөлек, әріптестеріне де қолдау көрсетіп жүр. Бүгін осындай 60 жерлесіміздің еңбегі еленді.

Гүлмира Жамахаева – Қызылжар ауданы әкімі аппаратының жалпы мәселелер жөніндегі бөлімше басшысы және кәсіподақ комитетінің төрайымы. Азаматша 20 жылдан артық тұрғындарға көмек көрсетіп қана емес, ұжымдағы әріптестеріне де қолдау танытып келеді әрі жастарға тәлім-тәрбие беріп жүр. Яғни, артынан ерген ізбасарларына кәсіподақ жұмысын үйретуде.

Гүлмира Жамахаева – Қызылжар ауданы әкімі аппаратының жалпы мәселелер жөніндегі бөлімше басшысы:

-Барлық ұжымның мүшелері – кәсіподақ мүшелері. Біз ай сайын жарна аударамыз. Сонымен қатар, материалдық көмек көрсетеміз.

Атқарған еңбегі үшін жерлесімізге мемлекеттік қызмет саласындағы кәсіподақ атынан “Құрмет” грамотасы табысталды.

Ал ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіподақ атынан Алмаз Молдашевқа 3-ші дәрежелі “Еңбек даңқы” төсбелгісі берілді. Ол Петропавл қалалық аумақтық инспекциясында 7 жылдан бері мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспекторы болып қызмет етеді.

Алмаз Молдашев – Петропавл қалалық аумақтық инспекциясының мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспекторы:

– Мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қадағалаймыз. Нысандарды аралап, кәсіпкерлермен кездесеміз. Қазір құқықбұзушылықтар аз кездеседі. Іскер жандар өз тауарларына мұқият қарайтын болған. Марапат алғаныма өте қуаныштымын. Мұндай құрмет жұмысқа одан әрі белсенді кірісуге серпін береді.

Жалпы, бүгінгі жиында 60 маман марапатталды. Оларға “Құрмет” грамотасы, түрлі дәрежедегі төсбелгілер және “Алғыс” хаттар мен шипажайға жолдама берілді. Шара соңында жергілікті өнерпаздар жиналғандарға ән-жырдан шашу шашты.

Култанов Байболат