Білім

ҰБТ-ны биыл теріскейлік 2159 түлек тапсырады

Биыл өңір түлектерінің 64,9% пайызы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 3%-ға артқан. Теріскей өңірінде маңызды сынақ тапсырылатын 8 қосын жұмыс істейді.

Биылғы оқу жылында теріскейлік мектептерден 3327 түлек қанат қақты. Кеше ғана білім ұяларында олар үшін соңғы қоңырау соғылды. Енді түлектердің алдында ҰБТ тұр. Жалпы, үстіміздегі жылы жоғарғы оқу орнына түсуге 2159 оқушы ниет білдірген екен. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 3%-ға артқан.

Татьяна Протопопова – СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Түлектердің 1974-і Қазақстанның жоғарғы оқу орындарына түсуді жоспарлап отыр. Ал 579 түлек колледждерге барады. Сондай-ақ, тағы 745 мектеп бітіруші шетелде білім алуға ниетті.

Қазіргі таңда жоғары білім ордасына қабылдау бұрын-соңды болмаған форматта жүзеге асуда. Мәселен, Ұлттық бірыңғай тестілеу осы жылдан бастап 4 кезеңмен жүргізіледі. Яғни, биыл дәл бүгінге дейін жастар ақылы бөлімге түсу үшін қаңтар, наурыз айларындағы сынақтан өкен болатын. Грантқа үміткерлер маңызды емтиханды осы айда тапсырулары қажет. Міндетті түрде. Сынақтан сүрінгендер тамыз айындағы кезеңде бақтарын сынайды.

Ербол Исақаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ бірінші проректоры:

-Үстіміздегі жылдан бастап жоғарғы оқу орнының студенті атануға мүмкіндік беретін шектік балдар да өзгерді. Мәселен, талапкерлер педагогика және медицина мамандықтарына ақылы түрде түсу үшін 60-65 ұпай жинаулары тиіс. Ал қалған мамандықтар бойынша маңызды емтиханнан 50-ден көп ұпай алулары керек.

Айта кетейік, ҰБТ аймақ бойынша маусымның 23-і мен 26-сы аралығында өтеді. Теріскей өңірінде биыл 8 қосын жұмыс істемек.

 

Ешкенова Дана