МТРА жаңалықтары

22 жылдық еңбек – елдімекендіктердің мәңгі есінде

22 жылдық еңбек – елдімекендіктердің есінде. Қызылжар ауданына қарасты Бугровое орта мектебінде Виктор Сейвальдтің құрметіне арналып мемориалдық тақта ашылды. Азамат аталған селоға 80-ші жылдары қоныс аударып, бірқатар шаруа атқарған.

Балабақша жоқ. Ал қалаға қатынау мүмкін емес. Бұл 80-ші жылдардағы Қызылжар ауданына қарасты Бугровое селосының жағдайы. Алайда, араға бірнеше жыл ғана салып барлығы өзгерген. Бұл – сол кездегі совхоздың басшысы болып тағайындалған Виктор Сейвальдтің еңбегі. Жергілікті мектеп алдына жиылған жұртшылық бүгін жаны жайсаң, көңілі дархан, бар ойы адамдардың тұрмысын жақсарту болған азаматтың құрметіне мемориалдық тақта ашты.

Валерий Маслов – «Одақ» облыстың комсомол ардагерлері ұйымының төрағасы:

– Виктор Викторович мамандығы бойынша агроном. Қарапайым жұмысшыдан совхоз басшысына дейін көтерілді. Ол – көпке үлгі әрі дана, әрі дара тұлға болды. Сондықтан, өткен жылы жерлесіміздің құрметіне мемориалдық тақта орнатуды жөн көрдік.

Назардан тыс ешкім қалмады дейді марқұмның үзеңгілестері. Виктор Викторович базынасын арқалап келген тұрғындарға барынша көмек көрсеткен. Азамат елдімекендіктердің әлеуметтік жағдайын ең бірінші кезекке қойыпты. Мектеп, балабақша мен ондаған баспана тұрғызған. Оған қоса, әрбіреуін екі қолға бір күрекпен қамтуға да көңіл бөліпті. Халықтың қамын ойлап, қол ұшын созуға ол бізді де үйретті дейді марқұмның ұлы Евгений Сейвальд.

Евгений Сейвальд – Виктор Сейвальдтің ұлы:

– Әкеміз жақсы адам болды. Бірақ, біздің тәртібімізге қатал талаппен қарайтын. Оның ойын бір қарағанынан түсінетін едім. Кішкентай кезімізден ең бастысы адамгершіл болыңдар деп үйретті. Өмір бойы соған тырысып келеміз. Оның еңбекқорлығын көріп өскендіктен, әпкем екеуміз шаруадан бас тартпаймыз.

Белгілі қоғам қайраткері ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлес қосқан. Виктор Сейвальд совхозды басқарған жылдары сол кездегі Соколов селолық округі әрдайым алдыңғы қатардан көрініп жүріпті. Ол жұмысқа заманауи технологияларды енгізумен де айналысқан екен. Сондықтан, оның есімі барша жұртшылықтың есінде.

Сәбит Исин:

– Мен Виктор Сейвальдті жақсы білемін. Тимирязев ауданынан жұмыс бойынша осы ауылға 88-ші жылы көшіп келдім. Содан бері бірге біраз шаруа атқардық. Мен учаскелік полицей болдым. Отбасыларымызбен де жақсы араласатын едік.


Шалабай Шитканов:

– Мен Виктор Викторовичпен бірге 10 жыл жұмыс істедім. Ол кісі халыққа тек жақсылық істеді.

Эльмира Садвокасова