МТРА жаңалықтары

Жер заңнамасына қатысты сұрақтар талқыланды

Бүгін “Қызылжар – адалдық алаңы” жобасы аясында тағы бір маңызды кездесу ұйымдастырылды. Бұл жолғы жиын барысында жер заңнамасына қатысты сұрақтар талқыланды.

Сауалдарға қалалық әкімдік өкілдері жауап берді. Мамандар негізінен шаһардағы апаттық деп танылған үйлерді сүру, көпқабатты баспаналар мен әлеуметтік маңызы бар нысандарды тұрғызу жайына тоқталды. Тағы, “Шығыс” шағын ауданындағы құрылыс жұмыстары да баяндалды. Алдағы уақытта мұнда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында аурухана, балабақша мен тұрғын жайларды салу жоспарланған.

Шарада проблемалық мәселелер де қаузалды. Облыс орталығындағы жеке кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Олег Хрупин іскер жандардың базынасын ортаға салды. Биыл “Карапетян” жеке кәсіпкерлігі Интернационал көшесінде орналасқан сауда дүңгіршектерінің қасбетін жаңартпақ болыпты. Бірақ, бизнесменге Петропавл қаласы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі негізсіз сәулет-жоспарлау тапсырмасын бермепті. Яғни, нысандарды өзгертуге рұқсат етпеген. Бұл сұрақты жауапты қызметкерлер өз бақылауларына алды.

Серік Сабралин – Петропавл қала құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

– Бұл кісі сәулет-жоспарлау тапсырмасы дұрыс берілмеді дейді. Қазір жұмысқа барғасын қарастырамын. Барлығын анықтаймыз.

 

Култанов Байболат