Шаһарды шарпыған белгісіз газ иісі тұрғындардың үрейін тудыруда

Аптадағы маңызды жаңалықтар

10:53 19 Маусым 2019

Петропавл тұрғындары өткен аптадан бері белгісіз газдың мүңкіген иісіне шағымдануда. Жұртшылық жағымсыз иістің қайдан шығып жатқандығынан бейхабар, сондықтан оның қауіпті екенін болжап, үрейленіп отыр. Ал жауапты органдар өз кезегінде оның пайда болу себептерін анықтауға тырысып жатыр.

“Жас өркен” ықшам ауданы. Жұма күні жағымсыз иісті Петров көшесі бойындағы 13-ші үйдің тұрғындары алғашқылардың бірі болып сезе бастайды. Құзыретті органдарға хабарласады, бірақ олар мәселеге кеше ғана мән берген. Осы уақытта белгісіз газ жарты қалаға тарап кетеді. Ол тұрғындардың сыртта емін-еркін жүріп тұруына мүмкіндік бермей отыр. Ауадағы ащы иіс тіпті пәтерлерге кіріп, қалалықтардың тыныстарын тарылтып, дем алуларын әбден қиындатқан.

Людмила Кирсанова, қала тұрғыны:

– Иіс сенбінің таңында біршама күшейді. 104-ке қоңырау шалған едім, тұтқаның арғы жағындағылар бұған бастарын да ауыртпады. Белгісіз затпен тыныстап жатқанымызға бүгін 4-ші күн. Тұрғындардың жаппай бастары ауыра бастады. Не істерімізді білмей, үрейленіп отырмыз.

Есік-терезені жауып қойғанның өзінде жағымсыз иіс үйдің ішін алып кетеді деп шырылдайды қалалықтар. Дүйсенбінің таңынан бері су мен ауаның сынамалары алынып, тиісті тексерулер жүргізілуде. Алайда, белгісіз газдың бас көтеру себебі де әзірге белгісіз. Жағымсыз иіс кәріздік құбырлардан келіп жатыр, онда бәз бүреу белгісіз бір сұйықтықты құйып жіберді деген де болжам бар. Сондықтан, көшелердегі бейнекамера жазбалары да жіті тексеріліп жатыр.

Жеңіс Сұлтанов,«Қызылжар су» ЖШС бас директоры:

– Біздің мекеме құдықтарды тексеріп жатыр. Нәтижесінде газдың иісі азайды. Қазірде жұмыстар жалғасып жатыр, әр құдықты тексеріп, иісті байқап, анализдер жасап жатырмыз.

Экологтар да, құтқарушылар да, санитарлар да қол қусырып отырған жоқ. Мәселен, шаһар эпидемиологтары ауа құрамындағы 10 шақты аса қауіпті химиялық заттардың концентрациясын анықтауға тырысқан.

Әсет Жұматаев – Петропавл қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы:

– Сағат түнгі 1-ден, 4-ке дейін біздің зертхана мамандары жұмыс істеді. Метанол, күкіртсутегі, аммиак, азот диоксиді, фенол, формальдегид сияқты заттар тексерілді. Олардың көрсеткіші рұқсат етілген шектеулі концентрациядан көп емес.

Мамандар да, қала басшылығы да тұрғындардан байбалам салмай, сабырлық сақтауды сұрап отыр.

Саят Ермек – тілші:

– Десе де, шаһарды шарпыған газдың нақты атауын мамандар дөп басып айта алмай отыр. “Белгілі бола қалған жағдайда, қосымша хабарын береміз”,-дейді эпидемиологтар. Олар жағымсыз иіспен тыныстауға мәжбүр болып отырған петропавлдықтардың өмірлеріне еш қауіп төніп тұрған жоқ деп сендіруде.

 

Саят Ермек