Құқық қорғау органдары

Полицейлер 3 күнде интернет-алаяқтықтың 11 фактісін әшкереледі

Үш күннің ішінде теріскейлік тәртіп сақшылары интернет-алаяқтықтың 11 фактісін әшкереледі. Заңбұзушылықтардың барлығы «Hi-tech» атты жедел-алдын алу шарасының барысында анықталған.

Жергілікті тұрғындардың бірі «Колёса» сайтына кіріп, ауыл шаруашылығы техникасына арналған шиналар сатып алмақшы болады. Бірақ, шынайы емес, жалған сатушыға кезіккен. Алаяқ оған алдын ала 440 мың теңге төлем жасау қажеттігін айтады. Ақша қолына тиген соң өзі зым-зия болады. Көп ұзамай қу ер адам құрықталды. Ол 37 жастағы Қапшағай қаласының тұрғыны болып шыққан.

ОLХ сайтында бір айға пәтерді жалға берем деп хабарлама қалдырып отырған алаяқ та әшкереленді. 25 жастағы Павлодар тұрғыны келушілерден 25-30 мың теңге көлемінде алдын ала төлем сұраған. Ақшаны алған соң олармен байланысқа шықпай қойып, ізін суытып отырған.

Виталий Подчернин, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

– Ұсталған азаматша пәтерлерді жалға беру туралы хабарландыру таратқан. Алаяқ тұрғындармен басқа есіммен танысып, тұрғындардың сеніміне кіру үшін оларға интернетте табылған басқа адамдардың куәліктерінің фотосуреттерін жіберіп отырған. Киви әмияннан авансты ала салысымен байланысқа шықпай қойған. Қазіргі күні ҚР ҚК-нің 190-бабы – алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ал 34 жастағы қала тұрғыны ұялы телефон тауып алады. Кейін, ол арқылы киви әмиянда болған 15 мың теңгені интернет-дүкеннен тауар алуға жұмсап жіберген. Қазір бұл фактіге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Актолкын Солтанханкызы