Білім

Жас директорлар табиғат аясында біліктіліктерін арттырды

Заманауи мектеп директоры қандай болуы керек? Петропавлда жас білім ошағы басшыларына арналған үш күндік тимбилдинг өтті. Нақтырақ айтсақ, бейсенбі мен сенбі аралығында директорлар табиғат аясында дәрістер тыңдап, тренингтерге қатысып, тәжірибе жинақтады.

 Саят Ермек – тілші:

– Парта алдындағы дәстүрлі семинардың орына табиғат аясы! Қазір біз Петропавл маңындағы балалар лагерьлерінің біріндеміз. Үш күн бойы бұл лагерь балаларды емес, жас, тәжірибесіз мектеп директорлары мен болашақ мектеп директорларын қабылдап отыр. Мұнда олар біліктіліктерін арттыруда.

Білім ошағы басшылығына мұндағы 50-ге тарта маман бірер жыл бұрын ғана келген. Сондықтан, көп нәрседен хабарсыз. Білім беру үрдісін қалай дұрыс құра білу қажет, ұжым алдындағы беделді қалай арттыруға болады? Бұл жас директорларды толғандыратын сұрақтардың бір бөлігі ғана.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Құқық сұрақтары болуы мүмкін, қаражат сұрақтары болуы мүмкін. Осы тимбилдингтің арқасында жиалог арқылы, интерактивті әдістер арқылы осы сұрақтарға жауап беруге біз тырыстық. Осы жерге келген әр директор өзінің жұмысымен бөліседі.

Түрлі ойындар, таза аудағы квесстер мен табиғат аясындағы тренингтер. Басшылық лауазымның қыр-сырын мұндағылар ерекше форматта меңгеруде. Дәріс оқушы спикерлер де осал емес, яғни өз мамандығының жілігін шағып, майын ішкендер. Солардың бірі елордалық қонақ – Шәкәрім Сейсенбай. Осымен үшінші жыл ол бас қаладағы лицейлердің бірін табысты басқарып келеді. Креативті, аса жауапкершіл директор теріскейлік әріптестерімен білген-түйгенімен бөлісті. Сөзінше, жақсы мектеп директорына көрегендік тән.

Шәкәрім Сейсенбай – №54 лицейдің директоры, Нұр-Сұлтан қаласы:

– Мұғалім, ата-ана мен оқушының ойын ескере отырып, өзгерістері ұзақ мерзімді жоспарлап енгізу керек. Алтын белгілердің саны, ҰБТ нәтижесі деген секілді критерийлерге маңыз бөлмеу керек. Әрине, олар маңызды критерийлер, бірақ мектеп олар үшін жұмыс жасаймайды. Мектеп жалпы сапалы білім мен тәрбие беруі керек.

Мұнда жас директорлар ғана емес, кадрлық резерв те, яғни потенциалды болашақ мектеп басшылары да біліктіліктерін арттырып жатыр. Үш күндік тимбилдинг олардың көңілдерінен шыққан секілді. Таза ауада, ойын түрінде берілген ақпарат жақсырақ игеріледі деседі мұндағылар.

Жібек Жамбулдинова – М.Жұмабаев атындағы ПГК жанындағы мектеп-лицей директорының орынбасары:

– Біз мұнда тек сабақ қана оқып жатқан жоқпыз. Бізбен көптеген ойындар өткізіп жатыр, флешмоб билейміз, өлеңдер айтамыз, яғни, бос уақыт жоқ, әр күніміз есептелген, қызықты өтіп жатыр.

Күндіз – дәрістер, ал кешке – алау алдындағы отырыс. Басшылар диалог құрып, жұмыстағы жетістіктері және проблемаларымен бөліседі. Құрметті қонақ – облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев. Ол да білген-түйгенін айтып, ақыл-кеңестерін беруде.

Руслан Әлішев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Сіздер өз істеріңіз бен балаларды жақсы көресіздер. Мұны көздеріңізден аңғаруға болады. Бұл – ең маңызды фактор. Басшы өз қарамағындағылармен қалай сөйлесетін болса, жауап та сондай болады. Сондықтан, алдымен мұғалімдер және оқушылармен жақсы қарым-қатынас орнату қажет, қарапайым болу керек.

Басшылар жаңа білімді игеріп, шыңдалып қана қоймай, күйбің тірлік пен қиын қызметтен сәл болса да демалуда. Кейін көтеріңкі көңіл күймен, білген-түйгендерін жұмыстарында қолданады. Сондықтан, осы тектес курстарды дәстүрлі ету жоспарда.

 

 

Саят Ермек