МТРА жаңалықтары

Әскери институтты 217 офицер тәмамдады

Жас жігіттердің иығына қос жұлдызды шен тағылды! Сенбі күні Петропавлдағы Ұлттық ұланның Әскери институты  19-шы түлектерін қанат қақтырды. Бұл жолы  Отансүйгіштікке, темірдей тәртіпке баулитын іргелі білім ордасын 217 офицер тәмамдады. Лейтенанттардың 202-сі еліміздің қорғандары болса, қалғаны – Қырғызстан және Тәжікстан Республикаларының азаматтары.

1997 жылдың 20-шы желтоқсаны! Бұл күні Елбасы жарлығымен Петропавлда ҚР ҰҰ әскери институты құрылды. Нұрсұлтан Назарбаев шекараның шетіндегі, желдің өтіндегі шаһарды бекерден-бекер таңдамады. Ол солтүстіктің сарышұнақ аясында нағыз Отан қорғаушылар даярланады деді. Солай болды да. Қаламыздағы оқу ордасында ел үшін ерінбей еңбек ететін мыңдаған жігіт білім алып, үлкен өмірге қанат қақты.

Альберт Маткаримов – ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары:

– Институт құрылғалы Қазақстан, Тәжікстан және Қырғызстан әскерлері үшін 3 мыңнан аса офицер даярланды. Міне, бүгін кезекті 19-шы түлектерді шығарып салғалы отырмыз. Мемлекеттің емтиханды 217 адам сәтті тапсырды. Бұл жандардың барлығына Министрдің бұйрығы бойынша лейтенант шені берілді.

Қазір қаз-қатар сап түзеген түлектерге көптен күткен құжаттары беріледі. Биыл қызыл диплом жалғыз. Оны Аңсаған Жұманов алып отыр. Азаматқа куәлікті облыс әкімі Құмар Ақсақалов тапсырды.

Салтанатты шара барысында Нұрдәулет Оралтау да өзінің дипломын алды. Осылайша бала күнгі арманына қол жеткізді. Енді, офицер Қазақстан Республикасына қызмет етпек.

Нұрдәулет Оралтау – ҚР ҰҰ Әскери институтының түлегі:

– Офицер болу менің бала күнгі арманым болатын. 8-9 жасымда таңертен тұрып, институттың жеке құрамымен таңғы жаттығуға қатысатынмын.

Ұлдарының өмірлеріндегі маңызды оқиғаны ата-аналар жағы марқая тамашалап тұр. Кейбірі естелік үшін фотоаппараттарына, ұялы телефондарына суретке, видеоға түсіріп жатыр. Бүгін Жанар Жақсылықованың да баласы лейтенант атанды. Осы сәтті көру үшін азаматша сонау Шығыс Қазақстан облысынан арнайы келіпті.

Жанар Жақсылықова – ата-ана, ШҚО:

– Төрт жылымыз жылдам өткен сияқты. Бірақ, ананың жүрегі үшін өте ұзақ уақыт. Әр күніміз, әр түніміз осы баламызды ойлау өтті. Үмітімізді ақтаса екен деп ойладым.

Диплом табыстау аяқталды. Кезек құттықтауларға келді. Алғаш болып жалынды жастарды өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов құттықтады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Отан қорғау – біздің ата-бабамыздан мирас болып кел жатқан, абыройлы міндет, азаматтық парыз. Елдің тыныштығын, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жас сарбаздарды Отан сүйгіштікке тарту осындай міндеттер тұр сенбердің алдарыңда. Офицерлік алғашқы қадамдарыз құтты болсын.

Офицерлер дәстүрге сай институт аяқтау кешінде вальс билейді. Биыл да солай болды. Жігіттер ақ көйлек киген бұрымдылармен шыр көбелек айналып, мерекенің сәнін келтірді.

Кейін, институттың жеке құрамы және офицерлер салтанатты маршен жүріп өтті. Саптық жүріс кезінде түлектер көкке монеталар лақтырып жатыр. Бұлай қызметтік жетістіктерге жету үшін деген ырыммен жасалады екен.

Култанов Байболат