Балалар

163 бала демалыс лагеріне аттанды

Жаңа достар табады, көңілді ойындарға қатысып, уақытты тиімді өткізеді! Бүгін петропавлдық 163 бала демалысқа аттанды. Олар 10 күн бойы Қызылжар ауданындағы “Ақ қайың” лагерінде тынығатын болады.

Бүгін Әйгерім Әкімжанованың қызы Сәбина алғаш рет лагерьге бара жатыр. Нәзікжанды 11 жасар баласының жақсы демалып келгенін қалайды.

Әйгерім Әкімжанова – ата-ана:

– Бүгін міне күн жаңбыр. Күннің арты ашылады деп ойлаймыз. Күн жылынып, қызымыз жақсы демалып келгенін қалаймыз. Қызым бір жұма уақыт демалады. Сағынатын боламыз.

Шаталов ескерткішінің маңына жиналған жеткіншектер “Ақ қайың” лагеріне барады. Олар – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары мен жетім ұл-қыздар. Кішкентай жерлестеріміз демалыс орнында тегін тынықпақ.

Жібек Дүйсембаева – Петропавл қалалық білім бөлімінің әдіскері:

– Биыл балалардың жазғы демалысына арналып 600 жолдама бөлінді. Бүгін міне алғашқы лекті жіберіп жатырмыз. “Ақ қайың” лагеріне 163 ұл-қыз барады. Ал ертең “Достық” лагеріне 149 оқушыны аттандырамыз. Олар уақыттарын көңілді, тиімді өткізетіндіктеріне сенімдімін.

Балаларды автобусқа отырғызу басталды. Ата-аналар көлік ішіндегі жеткіншектерге ақыл-кеңестерін айтып жатыр.

Көп кешікпей автобус лагерьге де келіп жетті. Оларды мұндағылар қуана қарсы алды.

Тәлімгерлер келушілерді жас ерекшеліктеріне қарай бөлді де корпустарға алып кетті. Ұл-қыздар үйлерге кіре сала жайғасып жатыр. Мына бөлмеде 4 бала тұрады. Олар бір-бірімен танысып, достасып та үлгеріпті.

Григорий Жигульский – «БЭСТ» гимназиясының оқушысы:

– Менің атым – Гриша. 8 жасқа толамын. Лагерьге келдім, жаңа достар таптым. Маған бәрі ұнап жатыр.

Демалыс орнында ұл-қыздарды көңілді бағдарламалар күтіп тұр. Жеткіншектер мұнда түрлі шараларға, ойындарға қатысады. Би кештері болады. 5 мезгіл тамақ ішеді. Айта кетейік, өңірімізде жаз мезгілі кезінде 14 лагерь жұмыс істемек. Оларда 10 мыннан аса бала тынығатын болады.

 

 

Култанов Байболат