Денсаулық сақтау

Теріскейде жаңа оңалту орталығы ашылды

Петропавлдағы 3-ші қалалық ауруханадағы травматология бөлімшесінің жанынан  оңалту орталығы жұмысын бастады. Жаңа бөлімшеде буындардың қызметін қалпына келтіру үшін физиотерапия, емдік дене шынықтыру, массаж және басқа да маңызды сауықтыру шаралары жүргізіледі. Негізі, орталық 30 орынға шақталған.

Бұл 3-ші қалалық аурухананың оңалту орталығы. Науқастар алған жарақаттарынан және отадан кейін сауығып кету үшін арнайы емдеу шараларын осы жерде қабылдайды.

Ержан Әбуғалиев – 3-ші қалалық аурухананың бас дәрігері:

– Оңалту орталығы өз жұмысын маусымның 3-і бастады. Негізінен, бұл жерде тізе және жамбас буындарын ауыстырған науқастар ем алады. Соңғы жылдары жергілікті хирург дәрігерлер 150-160-қа жуық эндопродездеу отасын жасаған болатын. Осындай операциядан кейін әрбір науқас оңалтудан өтуі қажет. Сол себепті, осы жерде жеке оңалту орталығын ашуды жөн көрдік.

Айтжан Рахимжанова осыдан 4 ай бұрын Нұр-Сұлтан қаласында эндопротездеу отасын жасатқан болатын. Кейін елордалық дәрігерлер зейнеткерге оңалтудан өту керектігін ескерткен. Жерлесіміз 3-ші қалалық ауруханада арнайы орталық ашылатындығын естіп, бірден осы жерде ем қабылдауды жөн көріпті. Зейнеткер мұндағы ақхалаттыларға ризашылығын білдірді.

Айтжан Рахимжанова:

– 5-ші күн осында ем алудамын. Дәрігерлер жақсы күтім көрсетіп жатыр. Ризамын ақхалатты абзал жандарға.

Жалпы, оңалту орталығы 3-қабатта орналасқан. Жаңа бөлімшеде буындардың қызметін қалпына келтіру үшін физиотерапия, емдік дене шынықтыру, массаж және басқа да көптеген сауықтыру шаралары қолданылады. Оған қоса науқастың жағдайын қадағалайтын кардиолог, невропатолог, ортопед сияқты дәрігерлер мен дене шынықтыру бойынша нұсқаушылар, физиотерапевтер жұмыс істейді.

Абиджан Алиев – 3-ші қалалық аурухананың травматология бөлімшесінің дәрігері:

– Негізі, оңалту үш кезеңнен тұрады. Біріншісі 10-14 күнге дейін созылады. Кейін 3-4 айдан кейін науқас тағы 2 кезеңнен өтуі керек. Үшінші ретте де дәл осылай. Орталықтың ашылғанына көп уақыт өткен жоқ. Десе де, бізде 17 адам ем қабылдап үлгерді.

Айта кетейік, жаңадан ашылған оңалту орталығы 30 орынға шақталған.

Ешкенова Дана