МТРА жаңалықтары

“Nur Otan”-ның теріскейлік филиалы сайлауалды науқанды қорытындылады

Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Президент сайлауында “Nur Otan” партиясы да жеңіске жетті деп сеніммен айтуға болады. Солтүстік Қазақстанда ел таңдаған мемлекет басшысының бағдарламасын түсіндіруге 2 мыңнан астам адам қатысқан екен. “Nur Otan”-ның теріскейлік филиалы бүгін сайлауалды науқанды қорытындылады.

Сайлаушылардың 70 пайызының дауысы және сенімді жеңіс. Қазақстан жаңа Президентін таңдады, ұлықтады. Мұндай табыстың артында сайлауалды штабының қажырлы еңбегі жатыр. Бір ғана солтүстікқазақстандық штаб бір айдың ішінде 8900-ге жуық іс-шара өткізіп, 170 мыңнан астам үйді аралаған.

Евгений Глотов – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Электоралды науқанда жас ұрпаққа үлкен көңіл бөлінді. Сайлау науқаны тарихында алғашқы рет “Team Kazakhstan” жастар қанаты құрылды. “5 арманым” интернет жобасы іске асырылды. Жастар акциялары мен форумдары, еркін пікір мен диалог алаңдары өткізілді.

“Бірге” жалпыұлттық акциясы бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының діңгегі. Азаматтар ел дамуының векторын өздері таңдай алды. Акция аясында теріскейде 220 қоғамдық қабылдау өткізілген. Жерлестерінің базыналары мен ұсыныс-тілектерін тыңдау үшін белсенділер жолда 54 сағат өткізіпті. 3 мыңнан астам шақырымды жүріп өтіп, 40-қа жуық шалғайдағы ауылда болған. Солтүстік Қазақстан бойынша нәтиже мынадай.

Рүстем Әлібеков – «Nur Otan» партиясы СҚОФ қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі:

– Солтүстікқазақстандықтардың тарапынан 38 мың 500-ге жуық өтініш түсті. Бұл – бүкіл республика бойынша 7-ші орын. Петропавлдықтар 8 мыңнан астам ұсыныс-тілек жолдады, ал аудандардың арасында тайыншалықтар, ақжарлықтар мен уәлихановтықтар аса белсенді болды.

Бұл өтініштердің барлығы елордаға жіберіледі, талданады. Кейбір мәселелер облыс, ал кейбірі республика деңгейінде шешіледі. Бірде-бір үндеу назарсыз қалмайды деді жаңа мемлекет басшысы. Бұл жайлы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде айтты. Ақордада өткен бұл тарихи шараға 75 солтүстікқазақстандық қатысқан. Ел таңдаған Президент алдағы 5 жылда нендей шаруа тындырады? Қандай салаларға басымдық береді?

Евгений Глотов – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Бірінші – халықтың табысын арттыру. “Тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады. Біз осының маңыздылығын терең түсінуіміз керек. Біздің азаматтарымыз тыныш өмір сүруі, жұмыс істеуі және өз балаларын тәрбиелеуі үшін экономикалық өсу болуы тиіс. Таяу арада, Үкіметтің кеңейтілген отырысында, біз дамудың маңызды бағыттарын анықтаймыз”- деп атап өтті Тоқаев.

Бұдан бөлек, жаңа жұмыс орындары ашылады, көпшілікті толғандыратын тұрғын үй түйіткілі шешіледі, мұғалімдер мен дәрігерлердің дәрежесі мен табысы артады, аймақтарды дамытуға көңіл де, қаржы да бөлінеді деп сендірді Қасым-Жомарт Тоқаев. Тағы көпвекторлы сыртқы саясат орнатып, жастарға қолдау білдірмекші Президент. Ал халық пен билік арасын байланыстыру үшін Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Ол өз жұмысын тамызда бастайды.

 

 

Саят Ермек