Денсаулық сақтау

Медицина қызметкерлері құрметке бөленді

Маусымның 3-ші жексенбісі – Медицина қызметкерлерінің күні! Атаулы дата қарсаңында өңірдің ақ халатты абзал жандары құрметке бөленді. Оларды аймақ басшысы Құмар Ақсақалов кәсіби мерекелерімен құттықтап, Құрмет грамотасын және Алғыс хатын табыстады. Шара соңы концертке ұласты.

Әдетте медицина қызметкерлері конференцияларда, концерт залдарында бас қосатын. Бүгін олай емес. Мамандар өздерінің кәсіби мерекелері алдында табиғат аясында кездесіп отыр. Жиналған жұртшылықты, яғни ақ халатты абзал жандарды алдағы мейрамдарымен облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Дана халқымыз сіздерді ақ халатты абзал жандар деп айтады. Өйткені, адам өзінің ең басты байлығын – денсаулығын сіздерге тапсырып, үміттенеді. Ал сіздер – терең білім, аялы алақандарыңызбен осы үмітті ақтап жүрген азаматтарсыңдар. Осы атқарып жатқан жұмыстарыңыз үшін алғыс айтқым келеді.

Сөз барысында Құмар Ақсақалов өңіріміздің денсаулық сақтау саласына танылып жатқан қолдауға да тоқталды. Жасыратыны жоқ бұл бағытта ауқымды шаруа атқарылуда. Мәселен, соңғы 5 жыл ішінде салаға бөлінген қаржы көлемі 55 пайызға артыпты. Заманауи қондырғыларды сатып алуға жұмсалатын ақша да 2 есеге өскен. Биыл облыс орталығында сужаңа көпсалалы аурухананың құрылысы басталады. Ол 500 адамға шақталмақ. 2020-да 200 теріскейлік маманды шет елге 1 айлық оқуға жіберу жоспарланып отыр. Кейін кезек марапаттау рәсіміне келді. Салтанатты шарада 20 медицина қызметкері құрметке бөленді.

Мереке қарсаңында Айыртау аудандық ауруханасының анестезиолог-ренаиматолог дәрігері Талғат Қойшыбаев облыс әкімінің “Құрмет” грамотасын алды. Ол біздің өңірге 2011 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келіпті. Содан бері еңбек етіп жатыр. Маман күніне кем дегенде 3-4 адамға көмек көрсетеді екен.

Талғат Қойшыбаев – Айыртау аудандық ауруханасының анестезиолог-ренаиматолог дәрігері:

– 8 жылдан бері жұмыс істеймін. Жұмысымыз қиын. Бірақ, біз шаршамаймыз. Халық үшін еңбек ете береміз.

Тағы, 5 адамға аймақ басшысы өзінің “Алғыс” хатын табыстады. Мұндай марапат облыстық жедел медициналық көмек орталығы бригадасының фельдшері Жасұлан Молдашевқа да берілді. Азамат денсаулық сақтау саласында 17 жыл жұмыс істейді. Бірақ, өзінің алғашқы шақыртуларын жақсы біледі.

Жасұлан Молдашев – облыстық жедел медициналық көмек орталығы бригадасының фельдшері:

– Алғашқы шақыртуларымның бірін жиі айтып жүремін. Мен ауырып қалған қызға дене қызуын түсіру үшін барғанмын. Науқастың температурасы төмендегенше қасында отырдым. Қиын сәттер де есімді. Менің өмірімдегі ең күрделі жағдай – әйелді босандыру болды. Қатты қобалжыдым. Не істерімді білмедім. Бірақ, өз-өзімді қолға алып, шекесі торсықтай ұлды қабылдадым.

Марапаттау рәсімі мұнымен аяқталмады. Кейбір мамандарға Денсаулық сақтау министрлігінен жолданған төсбелгілер, “Құрмет” грамотасы және “Алғыс хат” табысталды. Салтанатты шара соңы концертке ұласты. Сахнада талантты медицина қызметкерлері өнер көрсетіп, кештің көркін қыздырды.

Култанов Байболат