Аптадағы маңызды жаңалықтар

Әділет министрі бір жылғы жұмысын қорытындылады

Қазақстан Республикасының Әділет министрі Марат Бекетаев бүгін халық алдында есеп берді. Ол өзі басқарып отырған ведомствоның өткен бір жылда атқарған жұмысын қорытындылап, жұртшылықты заңнамадағы өзгерістерден құлағдар етті.

Не істелді, не істеледі? Мінберге шыққан Марат Бекетаев соңғы бір жылдағы жұмысын қорытындылауда. 2018-де ол басқаратын Әділет министрлігі бірқатар заң жобаларын әзірлеген. Олар қазір қолданыста. Нәтижесінде, жеке және заңды тұлғалардың меншік құқығы нығая түсті. Бекетаев мырзаның сөзінше, бизнес климат та елімізде біршама оңалған. Қазір Қазақстан бизнес жүргізуге қолайлы мемлекеттердің үздік 30-дығына кіреді. Бұған мемлекеттік қызметтердің қолжетімді бола түсуі себеп дейді министр. Өйткені, бүгінде кәсіпкерлікті тіркеу баяғыдай көп уақыт пен ақшаны қажет етпейді. Бәрі жеңілдетілген, оңтайландырылған.

Марат Бекетаев – ҚР Әділет министрі:

– Бизнес ашуды, банк шотын ашуды, сақтандыру шартын жасауды, қосымша құн салығын есепке қоюды бір мезіглде жасауға болады.

2018-де еліміздің адвокатурасы да маңызды реформаларды бастан кешірді. Қорғаушылар алқасына өту үшін төленетін жарна алынып тасталды, олардан адвокаттық ордер де енді талап етілмейді. Осының арқасында сала мамандарының саны соңғы бір жылда 400-ге артқан. Ал келер жылдан қорғаушылар мен заң консультанттарының жұмыс сапасы арта түсуі тиіс. Арттыру үшін бірқатар шаралар қолға алынбақ.

Марат Бекетаев – ҚР Әділет министрі:

– 2020 жылғы 1-қаңтардан бастап адвокат пен заң консультантының кәсіби жалпылығын міндетті сақтандыру институты енгізіледі. Бұдан былай, сапасыз көмек көрсетілген жағдайда, азаматтар сақтандыру өтемақысын ала алады. Биылғы жылдың 1-қаңтарынан бастап әлеуметтік және қаржылық жағдайы қиын азаматтар адвокат немесе заң консультантынан тегін кешенді әлеуметтік заң көмегін ала алады.

Заң саласы мамандарының қызметін қолжетімді ету жұмыстары тек орталықта ғана емес, өңірлерде де жүргізіліп жатыр. Мәселен, өзіміздің солтүстікте соңғы бір жылда жеке сот орындаушыларын көбейтуге қатты көңіл бөлінген екен. Бұл жайлы өңірлік әділет департаментінің басшысы Мақсат Сатыбалдин айтты.

Мақсат Сатыбалдин – СҚО әділет департаментінің басшысы:

– Бүгінге дейін мемлекеттік сот орындаушыларының санын екі есеге қысқарттық. Жеке сот орындаушыларының саны соншаға артты. Бүгінде 50 мыңнан астам сот актісі – жеке сот орындаушыларының қолында. Бұл сот үкімінің дұрыс әрі тез орындалуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, мемлекеттік аппаратқа түсетін жүктемені азайтып, жеке сектордың дамуына септеседі.

Министрдің есебін онлайн режимде еліміздің барлық өңірлеріндегі мамандар тыңдады.

Саят Ермек