Денсаулық сақтау

Ақ халатты абзал жандардың еңбегі

Дәрігерлік – аса жауапкершілікті талап ететін мамандық. Облыстық перинаталдық орталығының ақхалаттылары жылына 5 мыңнан астам нәзікжандыны босандырып алады екен. Оның шамамен 22 пайызына кесір тілігі жасалатын көрінеді.

Динара Рахметова өз сөзінің болашақ анаға демеу болатынын нақты біледі. Сондықтан, ол кесір тілігін жасатқалы жатқан әйелге үздіксіз қолдау көрсетіп, қорқынышын жеңуіне көмектесіп жатыр. Өйтпеген жағдайда жүкті нәзікжанды қатты қобалжып, іштегі сәбидің денсаулығына зиян келтіріп алуы әбден мүмкін.

Динара Рахметова – Облыстық перинаталдық орталығы жансақтау бөлімшесінің меңгерушісі, анестезиолог:

– Біздің міндеттеріміздің бірі – наркозды дұрыс енгізу. Өйткені, пациент операция кезінде ешқандай ауруды сезінбеуі тиіс. Оған қоса әйелмен жиі жылы қарым-қатынас жасап, тілдесеміз. Анаға рухани демеу беру жұмысымыздың тағы бір маңызды бөлігі болып табылады. Барлығы жақсы екеніне толық көз жеткізген соң ғана операцияны бастаймыз.

Дәрігерлер өз кәсібін жіті меңгерген. Әйелге қандай көмек көрсету керек екенін анық біледі. Олардың әр секунды санаулы. Өйткені, болашақ ана мен баланың өмірі – солардың қолдарында. Бұны ескерген білікті мамандар бір сәтке те кідірмей, жылдам әрі сапалы жұмыс атқарып жатыр.

Наталья Клебан – Облыстық перинаталдық орталығы босандыру бөлімшесінің меңгерушісі:

– Біздің жұмысымыздың нәтижелілігі – тек бір адамның ғана емес, бүкіл ұжымның еңбегі. Бұл жерде дәлдік керек. Әрине, осындағы мамандардың біліктілігі мен араларындағы мықты түсініспеншілікті де атап өту қажет. Яғни, акушер-гинеколог, анестезиолог және көмекші медбикелердің қажырлы еңбегі орасан зор.

Дүниеге шекесі торсықтай сәби келді. Дәрігерлердің арқасында әйел мен нәрестенің жағдайы жақсы. Қорқыныш пен қауіптің барлығы артта қалды.

Кесір тілігі тек белгілі бір себептермен ғана жасалады екен. Яғни, босанғалы жатқан ананың денсаулығына қатысты көрсеткіштер күрт өзгерсе немесе баланың өміріне қауіп төнген жағдайларда мамандар осы шешімді қабылдайтынын айтады.

Динара Рахметова – Облыстық перинаталдық орталығы жансақтау бөлімшесінің меңгерушісі:

– Менің анестезиолог болып жұмыс істеп жатаныма 20 жылдан асты. Осы 2 онжылдық бұрын анестезия пациент денесінің 3 немесе 5 процентіне әсер ететін. Қазір кесір тілігін жасау кезінде әйел денесінің 97-98% жансызданады. Яғни, ол ауру белгілерін сезінбейді. Сондай-ақ, соңғы жылдары келіншектердің көбі табиғи жолмен босану барысындағы қиыншылықты сезінбеу үшін осындай ота түріне жүгінуде. Біз оған қарсылық білдірер едік. Өйткені, егер әйелдің жағдайы жақсы болып тұрса, табиғи жолмен босанған дұрыс.

Айта кетейік, облыстық перинаталдық орталығында жылына шамамен 5 мыңнан астам әйел босанады екен. Солардың шамамен 22% кесір тілігі жасалатын көрінеді.
Бүгінде перзентханада олардың денсаулығын бақылап, көмегін көрсететін 400-ден астам білікті маман жұмыс атқарады.

Маржан Касымбек