ТЖ

Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ашық турнир өтті

Жылдам, жүйрік, епті. Петропавлға еліміздің мықты спортшылары жиналды. Облыс орталығында өрт сөндіру-құтқару бойынша ашық турнир бастау алды. 200-ге жуық қыз-жігіт екі күн бойы өзара мықтыны анықтап, кубокты сарапқа салады.

Кез келген төтенше жағдайға сақадай-сай дайын болу қажет. Бұл – өрт сөндірушілерге қойылатын басты талап. Күн сайын мамандардың дайындықтары сыналады. Өкінішке қарай, оқу-жаттығу жиындарында ғана емес, нағыз оқыс оқиғаның ортасында. Олар қызыл жалынмен күреседі, адамдардың өмірін құтқарады. Бүгін жауапты қызмет иелерінің әзірлігі байқалатын сәт. Өрт сөндіру-құтқару спортынан ашық турнирге еліміздің 18 командасы қатысуда. Бір қызығы додаға келгендердің арасында қыздар мен әлі құтқарушы мамандығын игермеген жандар да бар. Дегенмен, олардың дайындықтарына күмән келтіруге болмайды.

Дәурен Данаев – ҚР ІІМ ТЖК «Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың спорттық федерациясы» ҚБ атқарушы комитетінің директоры:

– Бұл жерде спорт шеберлері, әлем чемпиондары бар. Сондықтан, бүгінгі жарыстан үлкен нәтиже күтеміз. Осы турнирдан кейін ҚР чемпионаты өтеді.

Мұндай сайысты жиі көре бермейсің. Мәселен, теріскейде дүбірлі дода соңғы рет 2007 жылы ұйымдастырылған. Содан бері көптеген өзгерістердің орын алғаны сөзсіз. Спортшылардың дайындығы бір бөлек, заманауи құрылғыларды айтсаңшы. Оқ атылады, спортшылар доданы бастайды, оның барлығы мына фиксаторы бар бейнекамераға түсіріледі. Осылайша, мәре сызығын аттағандағы көрсеткіш электронды таблоға шығарылады.

17-20 секунд арасында мына кедергілердің барлығын еңсеріп шығуға болады екен. Спортшылар бұған көзімізді жеткізді. Алдымен олар 2 метрлік бағанадан секіріп өтіп, биіктігі 120 см-лік «бум» деп аталатын жіңішке бөрененің үстімен жүгіруде. Ең жауапты сәт – су себетін түтік құбырды жалғау. Тапсырмалардың барлығын жерлес спортшы Ильяс Байгарин 18 секундтың ішінде сәтті орындап шықты.

Ильяс Байгарин – жарысқа қатысушы, СҚО:

– Мен Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Новоишимка селосындағы №16 өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істеймін. Қызметке тұрғаныма 3 жылдай болды. Кейін бірден осы спорт түрімен айналыса бастадым. Бүгінгі қарсыластарымның барлығы мықты. Мұнда осал команда жоқ деп сеніммен айта аламын.

Ал Дәурен Кусманов – болашақ өрт сөндіруші. Дегенмен, мектепті енді бітірген жастың дайындығы нағыз білікті мамандардыкімен тең түседі деуге болады. Бұл спорт түріне маңғыстаулық жігіт 2016 жылы ден қойыпты. Араға 2 жыл салғаннан кейін азамат республикамыздың намысын Болгария елінде сәтті қорғап шыққан. Дәурен әлем чемпионы атанып, Қазақстанның рекордын жаңартқан. Бұнымен ол тоқтап қалмақ емес.

Дәурен Кусманов – жарысқа қатысушы, Маңғыстау облысы:

– Мен Петропавл қаласына кедергілер жолағын еңсеру бойынша рекорд орнатуға келдім. Қазіргі рекорд 16,10. Мен оны жаңартқым келеді.

Жарысты сырттан бақылап тұрған бұл қыздар сәлден соң, алаңға өздері де шығады. 12 жастағы Диляра Давлиткиреева дүбірлі додаға қатысатындардың арасындағы – ең кішісі. Бұған қарамастан қарсыластарыма дес бермеймін дейді бұрымды.

Диляра Давлиткиреева – жарысқа қатысушы, СҚО:

– Өрт сөндіру-құтқару спортына 2 жыл бұрын әкем әкелді. Бірінші жаттығудан-ақ ұнап қалды. Күн сайын дайындық жүргіземіз. Өзім жеңіл атлетикамен айналысамын. Сондықтан, жылдамдыққа жүгіру мен үшін қиын емес. Болашақта дәл осы спорт түрінен Қазақстан чемпионы атанғым келеді. Мақсатыма жету үшін барымды саламын.

Қыздар үшін де талап осы. Бағана мен бумды еңсеріп, су себетін түтік құбырды жалғау қажет. Алғашқы екеуінің биіктігі нәзікжандылар үшін төмендеу болады. Олар 70 см-ге дейін көтерулері тиіс. Ал ертең байрақты бәсекеге қатысушылар оқу-жаттығуға арналған мұнараның 4-қабатына шығулары керек.

Эльмира Садвокасова