Құқық қорғау органдары

“Несие рәсімдеуші” алаяқ қолға түсті

“Несие рәсімдеуші” алаяқ қолға түсті. 30 жастағы жігіт  қала тұрғынының сеніміне кіріп, банктен қарыз рәсімдеуге көмектесемін деп ақша талап еткен. Тиісті сома қолына түскен соң ізін суытқан. Құрықталған күдіктіге қатысты қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Алаяқ жігіт қала тұрғындарының біріне банктен несиеге рәсімдеуге көмектесемін деп, 30 мың теңге сұрайды. Оның дегенін бұлжытпай орындаған теріскейлік соңында бармақ тістеп қалған. Өйткені, қаржыны қолға түсірген адам сол мезетте ізін суытыпты.

Жадыра Момын – Петропавл қалалық ПБ анықтау бөлімінің анықтаушысы:

– Қалалық полиция басқармасына облыс орталығының бірнеше тұрғыны алаяқтық фактісі бойынша жүгінген болатын. Күдікті жәбірленушілерге жылдам несие және зейнетақы қорын жылдам рәсімдеуге көмектесемін деп алдаған. Аталмыш факті бойынша ҚР ҚК 190-бабы 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Полиция қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті қолға түсті. Ол бұрын да мүліктік қылмыс жасағаны үшін сотталған екен. Тексеру барысында 1989 жылы туылған азаматтың 14 алаяқтық туралы іске қатысы бар екені анықталды. Оның келтірген шығын көлемі 20 мен 40 мың теңге аралығында болған.

Күдікті:

–  Адамдар мені өздері іздеп табатын. Осыған дейін несиені рәсімдеумен айналысып жүрдім. Банктің жүйесін түсінбейтін жандармен жұмыс істедім. Олар несиені рәсімдеу жолдарын дұрыс түсінбейтін. Мен оларға көмектестім.

Аталған факті сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілген. Қазіргі уақытта ұсталған 30 жастағы жігіттің басқа істерге қатысының бар-жоғы анықталып жатыр. Айта кетейік, жыл басынан бері облыста «Алаяқтық» бабы бойынша 176 қылмыстық іс қозғалған.

Маржан Касымбек