МТРА жаңалықтары

Кәсіпкерлік саласындағы өзекті мәселелер

Несие рәсімдеуге ниетті іскер жандардан банктер өте көп әрі түсініксіз анықтамалар сұратады. Салдарынан ауылдағы ағайын қалаға сан мәрте келіп, мекемелердің табалдырығын тоздырып жүр. Осы және өзге де мәселелер кәсіпкерлік саласындағы жемқорлық пен өзекті проблемалар талқыланған жиында қаузалды.

Жақында солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер арасында сыбайлас жемқорлық бойынша сауалнама жүргізіліпті. Оған 113 іскер жан қатысқан. Бұл адамдарға 5 сұрақ қойылады. Оның алғашқысында еліміздегі бармақ басты, көз қыстылықтың деңгейі сұралады. Бұған теріскейліктер былай жауап берген екен.

Есқали Саламатов – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– 32 адам елімізде сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен, 25-і өте төмен екендігін көрсеткен. Тек 3 кісі жоғары деп белгілепті. Тағы, парақорлық фактілері қай салада жиі кездеседі деген де сұрақ қойылды. Мұнда кәсіпкерлердің басым бөлігі білім беру және ауыл шаруашылығы саласын таңдаған.

Жиынға қатысушылардың ұйымдастырылған сауалнамаға көңілдері толмады. Мәселен, заңгер, қалалық мәслихат депутаты Павел Афанасьев шаһарда 5 мың жеке кәсіпкер барын айтты. “Оның тек 113-ін ғана сауалнамаға қатыстырмай, барлығын тарту қажет”- дейді. Сонда көрсеткіш әлдеқайда өзгермек. Шара барысында саладағы өзекті мәселелер де талқыланды.

Тұрғындардың шағымдары бойынша жұмыс істейтін қоғамдық бірлестік жетекшісі Руслан Асаубаевқа жуырда бір өңір азаматы хабарласқан. Ол 3 ірі қара алуға 1 млн теңге несие рәсімдейін деп едім, бірақ банк көп әрі түсініксіз анықтама сұрап жатқанын жеткізген.

Руслан Асаубаев – “The Iast Hope” ҮЕҰ” ҚБ жетекшісі:

– Банк азаматқа ешқандай мөр басылмаған қағаз береді. Онда несие алу үшін керекті анықтамалардың тізімі жазылыпты. Көбін түсінбедік. Сондықтан, қаржы ұйымына хабарласып, жаңағы маманды сұрадық. Ол бізге 3 мәрте түсіндіре алмады. Тағы, кейбір құжаттарды жинау кезінде де қиындықтар туындады. Тиісті мекемелер оңайлықпен бере қоймайды.

Дәурен Тоққожинов – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

– Шынымен де, банктер, басқа да қаржы ұйымдары көп құжат сұрайды. Неге? Өйткені, олар несие бергелі отыр. Осы қаржы ертең қайтарылсын, клиентпен ешқандай қиындық болмауы үшін анықтама жинатқызады. Бұған түсіністікпен қарау қажет.

Алдағы уақытта Петропавлда мұндай жиындар жиірек өтпек. Онда сыбайлас жемқорлық фактілерін тыю мен басқа да маңызды мәселелер талқыланады.

Култанов Байболат