МТРА жаңалықтары

Әдеп жөніндегі кеңестің 5 айлық жұмысы

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті әдеп жөніндегі кеңестің 5 айлық жұмысын қорытындылады. Жыл басынан жиындарда 40 мәселе талқыға салыныпты. Оның ішінде 11-і – тәртіптік іс.

Мәселен, 2 жағдай денсаулық сақтау саласында орын алған. Мамандар өңір тұрғынынан келіп түскен өтінішке уақытылы жауап қайтармапты. Бұндай әрекеттері үшін медицина қызметкерлеріне ескерту жасалды. Ал Мамлют ауданына қарасты Становое селолық округінің әкімі жай ғана сөгіспен құтыла алмады. Атқамінер Афонькино ауылының жолын жөндеу қажет мердігерге 800 мың теңге ақшасын төлепті. Бірақ, жұмыс мүлдем атқарылмаған.

Ғани Жалби – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының басшысы:

–  Осыған ұқсас жағдай Жамбыл ауданында да орын алды. Архангельское селолық округінің әкімі жергілікті зиратты қоршауы тиіс мердігердің сапасыз әрі аяқталмаған жұмысын қабылдап қойған. Ал ақшасын толық көлемде төлепті. Алайда, 7 күннен кейін орнатылған дуалдардың кейбірін жел құлатқан. Бұл екі жағдай мемлекеттік қызмет пен сатып алу заңын бұзу деп танылды. Сондықтан, екі бірдей селолық округ әкімі жұмыстарынан шығарылды. Енді олар мемлекеттік қызметке тұра алмайды.

Эльмира Садвокасова