Денсаулық сақтау

14 маусым – Дүниежүзілік донор күні

14 маусым – Дүниежүзілік донор күні. Атаулы дата қарсаңында арнамыздың түсірілім тобы облыстық қан орталығында болды. Онда бірнеше жылдан бері қан тапсырып, науқастардың өмірін құтқаруға / қол ұшын созып жүрген Руслан Хамзинмен кездестік.

Рустам Хамзин – облыстың үздік донорларының бірі. Ол 7 жылдан бері қан тапсырып жүр. Осы уақыт ішінде орталыққа 30-ға жуық мәрте келіп, қан берген. Бүгін де солай жасамақ. Азамат алдымен терапевтке қаралды. Маман рұқсат берген соң, 3-ші қабатқа көтерілді. Мұнда жерлесімізден қан алынады.

Рустам Хамзин – облыстық қан орталығының құрметті доноры:

– 2012 жылдан бері қан тапсырамын. Орталыққа алғаш рет келгенім есімде. Дәрігерлер мені осында шақырып, донор атануымды сұрады. Бірден келістім. Өзіме қайырымды іс жасаған, адамдарға қолдау танытқан ұнайды. Әрбір жан осылай жасағанын қалаймын. Себебі, қан беріп өзгеге де көмектесесің, өзіңнің де денсаулығыңды жақсартасың.

Өңірімізде Рустам сияқты жомарт жандар жетіп жатыр. Мәселен, 2018 жылы орталыққа 679 адам бірнеше рет келіп, қан тапсырыпты. Ал жалпы донорларды саны 3681 құраған. Бұл жерлестеріміздің арқасында 4 жарым мың литрден аса ағзаға қажетті сұйықтық әзірленген екен.

Динара Қалуова – облыстық қан орталығы донорларды жинақтау бөлімшесі меңгерушісінің міндетін атқарушы:

– Орталықта 2018 жылы 4580 литр қан дайындалды. Ол өңіріміздегі емдеу мекемелеріне жіберіліп, науқастарға құйылды. Осы орайда қайтарымсыз ерікті донорлыққа ерекше тоқтала кеткім келеді. 2015 жылы облыста өздерінің қалауымен орталыққа келіп, қан тапсыратындардың үлесі 72 пайыз еді. Ал былтыр бұл көрсеткіш 96 проценттен асып отыр. Мұндай өзгеріс көңіл қуантады.

Биыл орталыққа 2514 адам барыпты. Олар 68 литрден аса қан тапсырған екен. Мұнда тұрғындар биологиялық сұйықтық беріп, донар атанып қана қоймайды. Медициналық көмектің тегін кепілді көлемі аясында өздеріне қажетті бірнеше маңызды ақпарат та алады.

Анна Пенькова – «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының сарапшысы:

– Келуші қан беру арқылы адамның иммун тапшылығы вирусына, В, С гепатитіне және сифилиске анализ тапсыра алады. Өзінің қан тобын, резус-факторын, гемоглобин мөлшерін де біледі. Мұның бәрі тегін. Істі жүргізуге әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 593 млн теңге бөлінді.

Айта кетейік, 14 маусым – Дүниежүзілік донор күні! Осыған орай кез келген адам таңғы 8-бен күндізгі 13:00 аралығында облыстық қан орталығына барып, донор атана алады.

Култанов Байболат