Қоғам

Жастар қарттарға қолғабыс етуде

“Қамқорлық”. “Жасыл ел” жасағының жастары осындай атаумен қайырымдылық айлығын өткізіп жатыр. Олар арнайы 30 күн бөліп, қарт адамдарға көмектесуде. Белсенді ұрпақ өкілдері қалада тұратын тыл еңбеккері Сәлтай Өмірзақованың баспанасына барып, үй шаруасы бойынша қолғабыс етіп қайтты.

Сәлтай Өмірзақованың жасы 87- де. Тағдыр тауқыметін көп тартқан кейуана – үш баланың анасы. Бүгінде жалғыз тұрады. Нәзікжанды бос уақытында көрпе-жастық тігуді ермек еткен. Өзі жасаған дүниелерін туыстарына сыйға тартып, қуанышқа бөлегенді ұнататынын айтады.

Сәлтай Өмірзақова – тыл еңбеккері:

– Жақындарым көрпелерді бергенде осыдан артық сыйлық жоқ деп қуанады. Уақытымды да осымен өткіземін. Жұбанышым екені рас. Осыны тіксем қуанамын. Осылайша күнімді өткіземін.

«Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деп дана халқымыз тегін айтпаса керек. Өмірі өнегеге толы осы жандарды мейірім мен құрметке бөлеу – бүгінгі жастардың парызы.
Аяна Хакимованың жасы 16-да. Бойжеткен қашанда қарттарға қолғабыс қылып, көмек көрсетуге дайын екенін айтады.

Аяна Хакимова – “Жасыл ел” еңбек жасағының сарбазы:

– Жастар әже-апаларға көмектесулері тиіс. Олардың батасын алып, көңілін көтеру керекпіз. Өзіміздің достарымызға да үлгі көрсетіп, біздің қатарымызға қосылуға шақырамыз. Себебі, ол бойымыздағы еңбекқорлық қасиетін дамытады.

Көмек қолын созған жастар игі істі үлкен ыждаһаттылықпен атқаруда. Олар су тасыды, үй айналасын өсіп кеткен шөптерден тазалап шықты. Оған қоса шашылып жатқан отындарды жарып берді.

Сәлтай Өмірзақова – тыл еңбеккері:

– Осындай ұл-қыздар келіп көмектеседі. Биыл көктем кезінде де Әскери институттан адамдар келіп, қарды шығарып берген болатын. Әйтпесе, су басып кетуші еді. Рақмет сендерге. Осылай келіп көмектескендеріңе ризамын. Қатты қуанып тұрмын.

Жастардың мейірімділігі қарт әжені қуанышқа бөледі.
Айта кетейік, «Жасыл ел» жасағының сарбаздары биыл «Қамқорлық» айлығын өткізіп жатыр. Іс-шара барасында олар 30 күнде 10 егде жастағы адамға қолғабыс жасауды жоспарлап отыр.

Маржан Касымбек