Спорт

Веложарыстан облыстық чемпионат бастау алды

Петропавлда велоспорттан облыстық чемпионат бастау алды. Дүбірлі додаға 80 спортшы қатысып жатыр. Екі түрлі жас категориясында сынға түсетін өрендер 10 немесе 40 шақырымды бағындырулары керек. Мәре сызығын алғаш болып кескендер өңір намысын республикалық дейгеңде қорғайды.

Сайыс жолына алғаш болып 13-14 жастағы ұл-қыздар түсті. Олар 10 шақырымды жүріп өту үшін 10 айналым жасаулары қажет. Мәре сызығын алғаш болып 5-ші нөмірлі Илья Слободчиков кесті.

Илья Слободчиков, велошабандоз:

–  Менің велоспортпен айналысып жүргеніме 10 ай ғана болды. Осы сайысқа дайындалу үшін күніне 2 жарым сағаттан жаттықтым. Жарыс жолы ойлы-қырлы, дөңесті жер болғандықтын, көтерілу біраз қиындық туғызды. Дегенмен, мәре сызығын бірінші болып кестім. Бұл – менің алғашқы жеңісім.

Ал ересектер болса 40 шақырымды еңсеру үшін 20 айналым жасаулары тиіс. Қатысушылар қатарында Азия чемпионатының жүлдегерлері де бар.

Махаббат Үмітжанова, велоспорттан Азия чемпионатының күміс жүлдегері:

– Менің велоспортпен айналысуым 2008 жылдан басталды. Осыдан 1 ай бұрын Азия чемпионатына қатыстым. Ол Өзбекстанда өтті. Онда күміс жүлдеге ие болдым.

Екі топ арасынан үздік атанған шабандоздар енді республикалық сайыста өңір намысын қорғайды. Ол шілденің 3 мен 10 аралығында Көкшетау қаласында өтпек.

Владимир Парахин, веложарыстың бас төрешісі:

– Бұл жарыстың мақсаты – үздіктерді анықтап, велошабандоздар арасынан республикалық жарысқа қатысатындарын іріктеп алу. Сонымен қатар, маусым айының 23-і өңірімізде тағы бір республикалық жарыс жоспарланған.

Айта кетсек, облыстық чемпионат алдағы 4 күн бойы жалғасады.

Актолкын Солтанханкызы