Білім

Түлектердің мектеппен қоштасу кеші

Бүгін Қазақстанның барлық білім ошақтарында түлектердің мектеппен қоштасу кеші өтті. Ал біздің облыс бойынша 3300-ден астам өрен үлкен өмірге аяқ басты. Сымбатты бозбалалар мен сұлу қыздар көптен күткен аттестаттарын қолдарына алды.

Ұлдар смокинг киінген, ал қыздарда – әшекеймен әрленген ұзын көйлектер. Әдемі шаш үлгісі мен макияж да көз қуантады. Бұл кешке түлектер айлап дайындалады. Әрине, мектепті жыл сайын бітіре бермейсің ғой! Қазақ мектеп-гимназиясын тәмамдап отырған жасөспірімдер алдарыңызда. Олардың саны – 51.

Бұлбұл Ахмадиқызы – қазақ мектеп-гимназиясының директоры:

– Олардың бірі – “Алтын белгі” иегері, ал 3 оқушымыз мектепті үздік аттестатпен аяқтап жатыр. Үміткерлеріміз мемлекеттік емтихандардан сүрінбей өтті. Үйдегі тәрбие мен мектепте берілген білім ұштасып, мектебіміздің түлектері жақсы азамат болады деген ойдамын.

Елдана Қалықова – биылғы түлектердің арасындағы жалғыз “Алтын белгі” иегері. 1-ші сыныптан кілең беске оқып келген бойжеткен 11 жылғы еңбегінің жемісін бүгін тағынды. Шет тілі мұғалімі болғысы келеді оның. Жоғарғы білімді Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінде алмақ ниетте. Бұл үшін алдағы маңызды сынақтан сүрінбей өту керек.

Елдана Қалықова – қазақ мектеп-гимназиясының түлегі:

– ҰБТ-ға дайындық ойдағыдай жүріп жатыр. Қазақ мектеп-гимназиясының ұстаздары бізгекөмек көрсетуде. Алдағы уақытта мен мектепті, сыныптастарымды, мұғалімдерімді өте қатты сағынамын. Осыған орай, бір кішкене болсын қобалжу бар.

Қуаныш, бір уақытта қимастықтың көз жасы. 11 жыл бойы екінші үйің болған алтын ұямен қоштасу оңай емес. Сыныптастар, достар, ұстаздар мен сабақтар – енді бәрі артта. Ал алда жарқын болашақ күтіп тұр. Аттестат – сол жарқын болашаққа жақындата түсетін алғашқы қадам.

Құжатты қолына алған әр жасты қолдайтын, қорғаштайтын бір қуатты күш бар. Ол – ата-ана. Мұндағы асқар тау әке мен мейірімді ананың әрқайсысы бауыр еті баласынан бетер қобалжып, қуанып тұр. Ұл-қызым ҰБТ-дан сүрінбей өтіп, көңілі қалаған оқу орнына түседі деп сенеді олар.

Жұлдыз Әбеева – ата-ана:

– Менің қызым бүгін мектеп бітіріп жатыр. Кім болсын, өзінің баласының биіктен көрінгенін қалайды. Қазіргі күнде қызым психология мен экология мамандықтарын таңдап отыр. Егер түспей қалса, ақылы түрде оқытамыз.

Осылайша түлектер барынша көңіл көтеруде. Мұндай мектеп бітіру кештері бүгін Солтүстік Қазақстанның барлық оқу ошақтарында өтті. 3327 теріскейлік өрен алтын ұяларымен қош айтысты. 137 түлек “Алтын белгі” тағынды, ал 130-ы қызыл аттестат алды. Ал маусымның 23-26 аралығында 2200-дей талапкерді Ұлттық бірыңғай тестілеу күтіп тұр.

Саят Ермек