ТЖ

Құтқарушылар “Darmen” мобильдік қосымшасын пайдалануды ұсынады

Енді азаматтар дауылдық ескертулер мен құтқарушылар ұсынған өзге де ақпаратты мобильдік қосымша арқылы ала алады. Төтенше жағдайлар комитеті іске қосқан “Darmen” деп аталатын бағдарлама елімізде өткен жылы ендірілген екен. Ол дәстүрлі СМС-хабарламаларға қарағанда әлдеқайда тиімдірек.

Дауылдық ескертулер, трассалардың ашық-жабығы, өзен-көлдердегі су деңгейі. Бұл маңызды ақпарды мобильдік қосымша арқылы білу дәстүрлі СМС-хабарламаларға қарағанда әлдеқайда тезірек әрі ыңғайлырақ. Ал оқушыларға теріскейдің сарышұнақ аяздарында сабақтардың болатынын не болмайтынын білу де маңызды. “Darmen”-нің мақсаты – қазақстандықтарды осы турасында уақытылы құлағдар ету. Бұл үшін смартфонды қолға алып, бірнеше рет түртсеңіз жеткілікті.

Саят Ермек – тілші:

– 112 нөмірі жіберетін дауылдық ескерту хабарламаларында символдар санына шектеу қойылған. Сондықтан, олардың көлемі кішкентай, сәйкесінше ақпарат та қысқа. Одан қалды, ұялы байланыс операторлары кей кездерде СМС-ті өте кеш жібереді. Ал “Darmen” қосымшасын жүктегендерді мұндай проблемалар мазаламайды. Ертеңгі күн райы жайлы ескертуді уақытылы алуға болады. Ақпарат екі тілде түсінікті етіліп жазылған.

Бұл қосымшаның жалғыз артықшылығы емес. Мұнда ұшақтардың, пойыздардың, электричкалар мен автобустардың кестесімен де танысуға болады. Қосымша күллі Қазақстан аумағы бойынша жұмыс істейді.

Рүстем Жұмағалиев – СҚО ТЖД дағдарыстық жағдайлар басқармасының бастығы:

– Бұл қосымша бұқараны қас қағым сәтте құлақтандыруға мүмкіндік береді. Біздегі жедел кезекші қажетті ақпарат мәтінін теріп, тетікті басады. Шамамен 2 секундтың ішінде хабарлама тұрғындарға тарайды. Бірақ, қосымшада тіркелген кезде азамат өзі тұратын елді мекенді таңдауы тиіс. Болашақта оны жетілдірмек ниеттеміз.

Қолайлылығына қарамастан бұл мобильдік қосымша жайлы отандастырымыздың көбі хабарсыз екен. Былтырғы жылы іске қосылғанымен, бүгінге дейін оны небәрі 10 мыңнан астам қазақстандық жүктеген. Құтқарушылардың сөзінше, смартфондар мен сандық технологиялар заманында бұл қосымша – жедел әрі ресми ақпарат алудың ең оңтайлы тәсілі. Оны “AppStore” және “PlayMarket”-тен жүктеуге болады.

Саят Ермек