МТРА жаңалықтары

Ел Президентінің бастамаларын теріскейліктер қолдауда

Таяу арада Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған нақты міндеттер айқындалмақ. Бұл туралы өз сөзінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жеткізді. Ұлықтау рәсімінде мемлекет басшысы алға қойған жоспарларымен де бөлісті.

Табыстың артуы, жемқорлықтың түбегейлі түрде жойылуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және баспанамен қамтылу. Азаматтардың сайланған Президенттен қалайтыны осы. Өтініштерді тұрғындар үгіт-насихат жұмыстары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен оның сенімді өкілдеріне жеткізген болатын. 540 мың ұсыныс-тілек назарсыз қалған жоқ. Бүгінде барша жұрт үлкен сенім артып отырған жаңа мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде өзінің жоспарымен бөлісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз қоғамдағы өзекті мәселелерді айқын көріп отырмыз. Оны шешу жолдарын білеміз. Ең бірінші азаматтар әлеуметтік әділдік орнауын қалайды.

Тағы ел Президенті халықты ауыз сумен қамтып, жолдарды сапалы жасау қажеттігін атап өтті. Бұл мәселелерге алдағы уақытта назар аударылмақ. Осылайша, өткір проблемаларды шешу арқылы қазақстандықтардың өмір сүру сапасы едәуір артады. Ұлықтау рәсімінде айтылған әрбір бастаманы теріскейліктер бірауыздан қолдап отыр.

Рашбиль Евдаев – СҚО еврей мәдени орталығының төрағасы:

– Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде тұрақтылық болады деп уәде берді. Бұл – ең бастысы. Қазақстан Республикасы егемендігін алғаннан бері 100-ден астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Бұл бірінші кезекте Тұңғыш Президенттің арқасында. Жаңа мемлекет басшысы  Н.Назарбаевтың сарабдал саясатын жалғастырады деген үміттеміз.

Жақын арада Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған нақты міндеттер айқындалмақ. Мұны ел Президенті ұлықтау рәсімі кезінде халыққа жеткізді.

Ринат Мұқанов – «МҰНАЙМАШ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– Жаңа президенттің стратегиялық жобаларын қолдаймыз. Үлкен үміт тартып отырмыз. Ең алдымен әлеуметтік мәселелер шешіледі деген ойдамыз. Баспана мәселесі де біржақты етілсе жақсы болар еді. Сондай-ақ, өнеркәсіпті дамытуға көп көңіл бөлу қажет. Егер өнеркәсіп дамыса, жаңа жұмыс орындары пайда болады, жаңа бағытта жұмыс істеп, өнімдерімізді экспортқа шығарамыз.

Жастардың да мемлекет басшысынан және биылғы жылдан күтері мол. Себебі, 2019-да дәл осы санаттағы қазақстандықтарға көрсетілетін қолдау мығым. Өз кезегінде ұл-қыздар да қарап қалмақ емес. Қолдарынан келгенді жасап, еліміздің дамуына өз үлестерін қоспақ ниетте.

Виталий Шеминг – облыстық жастар мәслихатының төрағасы:

– Жастар – қоғамның қозғаушы күші, елдің ертеңгі болашағы. Сондықтан, биыл біздің әлеуетімізді дамытып, түрлі салаларда өзімізді көрсете алуымыз үшін жақсы жобалар қолға алынбақшы. Бүгінде кез келген тұшымды ойы, жақсы идеясы бар қыз-жігітке қолдау көрсетіледі. Бізден керегі – тек жұмыс істеу ғана.

«Президенттік кадрлық резерв». Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларының бірі. Жыл соңына дейін ел Президенті қоғамда белсенді, жұмыста жауапкершіл, білімді де білікті 300 жастың басын қоспақ. Дәл осы қыз-жігіттер алдағы уақытта мемлекеттік қызметтін сан түрлі саласының тұтқасын ұстап, Қазақстанды жаңа жетістіктерге жетелемек.

Эльмира Садвокасова