Спорт

Волейболдан қыздар арасындағы ел чемпионаты аяқталды

6 күн бойы болған байрақты бәсеке мәресіне жетті. Петропавлда 12-13 жасар қыздар арасында волейболдан ел чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға қатысқан 13 команданың 4-уі бүгін финалдық ойындарда кездесіп, өзара мықтыны анықтады.

Алғаш боп алаңға Павлодар мен Қарағандының волейболшылары шықты. Олар 3-орын үшін тартысуда. Қызықты бәсеке нәтижесінде “Ертіс” алға шығып, қоланы жеңіп алды.

Людмила Ким, чемпионаттың бас төрешісі:

– Бүгін шешуші кездесу өтуде. Финалға үздік құрамалар жолдама алды. Олардың дайындығы да, жеңіске деген жігері де қуантады. Қазір 1-ші орын үшін тартысқа теріскейлік «Қуаныш» пен Алматы облысының «Жетісу» құрамасы шығады.

Көптен күткен финалдық кездесу басталды. Бас жүлде үшін тартыс өте қызықты өрбуде. Қос команда бір-біріне дес берер емес. Бірінші период қызылжарлықтардың пайдасына шешілді, есеп 25:16. Алда әлі 2 партия бар.

Бұған дейінгі кездесулерде жергілікті волейболшылар өскемендік және теміртаулық бұрымдыларды 3 те 0 есебімен жеңген екен. Құрама ойыншылары ақтық ойынды да осындай нәтижемен аяқтаймыз деген үмітте.

Айгерим Егинбаева, «Қуаныш» ВК ойыншысы:

– Бұл жарысқа дайындық барысында бапкерімізден біраз сын естіген болатынбыз. Бірақ, нәтижеміз жаман емес. Алматылық құрамамен кездесу бірінші рет өтіп отырған жоқ. Олар – өте мықты қарсыластардың бірі. Біз де өз есемізді жібермейміз.

Нәтижесінде, теріскейлік құрама үздік атанды.Айта кетсек, волейболдан қыздар арасында өзге жас категориясындағы ел чемпионаты Петропавлда маусым айының 22-сінде басталмақ.

Актолкын Солтанханкызы