Мәдениет

Теріскейліктер ресейлік жазушымен кездесті

Жергілікті жазушылардың туындылары ресейлік басылымдардың бірінде жарық көрмек. Бұл турасында Петропавлға ат басын тіреген жазушы, “Врата Сибири” альманахының бас редакторы Леонид ИванОв айтты. Шығармашыл тұлғалардың жиынында тәжірибе алмасу және бірлесіп еңбек ету жайлы қозғалды.

Леонид Иванов небәрі 14 жасында бірталай шығармалардың авторы атанып, оқырмандарының жүрегін жаулаған. Ал 17-сінде Ресейдің «Волна» газетінде әдеби қызметкер болып жұмыс атқарады. Жазушы, міне осымен 50 жыл бойы түрлі тақырыпта ой тербетіп жүр. 20-дан астам кітабы да бар екен.

Леонид Иванов – Ресей Жазушылар одағының мүшесі, Түмен қаласы:

– Шығармаларымның басым бөлігі ауыл адамдарының өмірі жайлы. Өзім ауылда туып-өскендіктен, мұндай тақырыптар жаныма аса жақын. Өкінішке қарай, қазіргі күні жастардың көбі ауылда қалғысы келмейді. Осыған байланысты мен тастанды мекен жайлар туралы туындымды жазып жатырмын. Кейіпкерлерді өз ойымнан шығардым.

Жазушы Леонид Иванов – “Врата Сибири” әдеби-көркем және тарихи-өлкетану альманахының бас редакторы. Ол әр шығарылымының 40 бетін шетел авторларының туындыларына арнайды. Осындай мүмкіндікті биыл біздің жерлестеріміз де иеленбек.

Леонид Иванов – Ресей Жазушылар одағының мүшесі, Түмен қаласы:

– Осы кездесуден кейін қалам тербеп жүрген солтүстікқазақстандықтармен қарым-қатынасымыз нығаяды деп үміттенемін. Себебі, біз жазушылар бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Жергілікті қаламгерлердің бірнеше шығармаларын оқыдым. Барлығы көңілімнен шықты. Ендігі кезекте бірігіп жұмыс атқаруды ұсынбақшымын.

Екі жақтың да шығармашыл тұлғалары өзара келісімге келді. Енді жерлестеріміз Түмен қаласындағы “Врата Сибири” альманахында өз шығармаларын жариялайтын болады.

Кирилл Филонов – М.Аверин атындағы облыстық әдеби бірлестігінің төрағасы:

– Қаламызда мықты деген 15 жазушы бар. Олар – түрлі өзекті деген тақырыптарда ой қозғап жүрген жандар. Келешекте теріскейлік қаламгерлер ресейлік әріптестерімен бірлесе нәтижелі жұмыс атқаратын болады. Өзара тәжірибе алмасу үшін осындай мүмкіндіктің туғанына қуаныштымын.

Айта кеткен жөн, теріскейлік жазушылардың шығармалары Түмен қаласында жұртшылыққа күз айынан бастап жол тартады.

Маржан Касымбек