Құқық қорғау органдары

Шетелдік нөмірлі көліктер тіркелуі мүмкін

Шетелдік нөмірлі көлік мінген солтүстікқазақстандықтарға құлаққағыс! Келер жылдан бастап олар темір тұлпарларын тіркеуі мүмкін. Мұндай жаңашылдық қазір Үкіметте қаралып жатыр. Егер де өзгеріс орын алатын болса, Кедендік Одақ мемлекеттерінен әкелінген автокөліктер міндетті түрде есепке қойылады.

Қала көшелерінде қызу қарбалас. Түрлі маркадағы көліктер арлы-берлі тоқтаусыз ағылып жатыр. Араларында қазақстандық нөмір таққан темір тұлпарлардың қатары басым. Бірақ, шетелде тіркелген машиналар да жетеді.

Байболат Бектемірұлы:

–  Қаламыздағы әрбір 4-ші көлік ресейлік немесе армениялық нөмірмен жүр. Яғни, ол машиналар Ресей мен Арменияда сатып алынған, тіркелген, кейін Қазақстанға әкелінген. Үстіміздің жылдың 5 айы іші бұл темір тұлпарлардың қатысуымен 220 тәртіп бұзушылық анықталыпты.

Бір қызығы, жол ережесін бұзғандардың бәрі жазаланбайды. Мысалы, шетелдік нөмірлі машина тізгіндеген азамат жылдамдықты шамадан тыс асырды делік. Оны көшеде орнатылған камера анықтай алмайды. Себебі, көлік Қазақстанда тіркелмеген. Яғни, біздің базада жоқ. Салдарынан құрылғының көмегімен жүргізушіге хаттама толтырылмайды, мемлекет қазынасына айыппұл түспейді. Енді, мұндайға жол берілмеуі мүмкін. Болашақта Кедендік Одақ елдерінен республика тұрғыны автокөлік әкелсе, оны міндетті түрде тіркеу жоспарланып отыр. “Бұл өте дұрыс бастама дейді”, – облыстық ПД тіркеу-емтихан алу бөлімінің бастығы Сергей Гизбрехт.

Сергей Гизбрехт – СҚО ПД тіркеу-емтихан алу бөлімінің бастығы:

– Көлік тіркелсе тәртіп орнайды. Яғни, машина ел аумағында есепте болса мемлекеттік органдар олардың қайда екендігін анықтай алады. Камералар арқылы айппұл да салынады. Әйтпесе, қазір ереже бұзған шетелдік нөмірлі темір тұлпар иелеріне жол-патрульдік полиция қызметкерлері ғана хаттама толтыра алады. Менің ойымша, бұл – өте дұрыс бастама.

Айта кетейік, қазір Үкіметте жолда жүру заңы мен әкімшілік кодекске өзгертулер енгізу қаралып жатыр. Егер де ұсыныс-тілектер мақұлданса, келер жылдан бастап шетелдік нөмірлі көліктер елімізде тіркелетін болады.

Байболат  Култанов