Құқық қорғау органдары

Қала саяжайлары – салт аттылардың бақылауында

Саяжайлардың қауіпсіздігі – салт атты полицейлердің бақылауында. Олар мамыр айынан бері теріскейлік бағбандардың жазғы үйлерін, жер телімдері мен мүліктерін қадағалап жүр. Кезекшілік 6 ай бойы үздіксіз жүргізілмек.

Жылы күндер басталысымен солтүстікқазақстандықтар саяжайларына ағылуда. Бір жарым ай болды, телімдері бар жерлестеріміз мұнда көкөніс-жемістерін егіп, еңбектеніп жатыр. Бірақ, ауа райының тұрақсыздығы, көбіне салқындығы, жазғы үйлерде тұруға, тіпті түнеуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан, мұндағы мүлікті жымқыруға ұры-қары әуес. Алайда, саяжайшылардың меншігі – тәртіп сақшыларының бақылауында. Биылғы маусымда бұл іске қарқын қосылған. Мұны тұрғындар да айтып отыр. Себебі, ат тізгендеген полицейлер Заречный, Мичурино, Солнечный және Новопавловка елді мекендеріндегі саяжай учаскелерін күзетуде.

Алексей Мироедов:

– Бұрындары ұрлық жиі орын алып тұратын, сондықтан полицияға да жиі жүгінетінбіз. Себебі, 630 саяжайдан тұратын біздің қауымдастықта тек бір ғана күзетші болды. Полиция кезекшілік құра бастағалы, тонау тоқтады. Әрине, баукеспелер тәртіп сақшыларының бар екенін біліп, жат қылыққа бармайды.

Ат үстіндегі полицейлер көбіне қаңғыбастарды, ішімдік пен есірткіге әуестерді құрықтайды. Ұрылар да – басты назарда. Себебі, жазғы уақытта олар үйлерге баса-көктеп кіріп, қолға түскеннің бәрін жымқырады екен. Ал жеміс-көкөніс пісе бастағанда оны бағбандардың алдын орап, жинап кететін көрінеді. Биылғы маусым басталғалы кавалеристер бірде-бір заңбұзушылықты тіркемеген.

Жақсылық Қожелдақов – қалалық ПБ ЖППБ кавалериялық взводының қызметкері:

– Барлық саяжай қауымдастықтарының төрағаларымен, күзетшілермен және қарапайым азаматтармен әңгімелесіп, телефон нөмірлерімізді қалдырамыз. Егер ұрлық орын алып жатса, бірден бізге не “102” нөміріне хабарласу қажеттігін айтамыз. Кезекшілікте жүрген бізге хабарласқан абзал, себебі кавалерия оқиға орына тез арада жетеді.

Салт аттылар кезекшілікті мамыр айының басында бастаған, ал қазанның соңында аяқтайды.

Саят Ермек