МТРА жаңалықтары

Солтүстік Қазақстандағы сайлау учаскелерінде заңбұзушылықтар тіркелмеді

Солтүстік Қазақстандағы 663 сайлау учаскесінің бірде-бірінде заңбұзушылықтар тіркелмеді. Бұл жайлы ТМД миссиясының өкілдері айтты. Өңірдегі учаскелерді аралаған халықаралық байқаушылар бүгін өз жұмыстарын қорытындылады. Маңызды саяси шараның теріскейдегі ұйымдастырылу деңгейіне олар жоғары бағаларын берді.

Саят Ермек – тілші:

– Солтүстік Қазақстандағы сайлау барысы 46 шетелдік байқаушының назарында болды. 25-і – ТМД-ның, ал қалғандары – ЕҚЫҰ өкілдері. Олар учаскелер ашылғаннан жабылғанша дейін болып, Президент сайлауының халықаралық талаптар мен ел заңнамасына сай өтуін бақылады. Енді атқарылған шаруаны қорытар шақ.

Теріскейлік сайлау учаскелерінде бірде-бір заңбұзушылық тіркелмеді. Бұл жайлы Ресейдің Түмен және Қорған облыстарынан келген ТМД миссиясының байқаушылары айтуда. Керісінше, олар маңызды шараның ұйымдастырылуына жоғары бағаларын беріп отыр.

Игорь Халин – ТМД байқаушылар миссиясының жетекшісі, Түмен облысы, РФ:

– Мен Қазақстандағы Президент сайлауына байқаушы ретінде 2004 жылдан бері қатысып келемін. Қазіргі сайлау мен бұрынғылардың айырмашылығы жер мен көктей. Әсіресе, комиссиялардың жұмысы жақсарған, оның мүшелерінің кәсіби шеберліктері артқан. Біз болған барлық 43 учаскеде сайлау комиссияларының мүшелері азаматтармен сыпайы сөйлесіп, көмек көрсетіп жатты. Әрі әр учаскеде мүгедектерге арналған кабина да қарастырылған.

Алайда, ескерту жоқ емес, бар. Өйткені, жарымжандарға арналған кабиналардың болғанына қарамастан, кей учаскелер ғимараттардың екінші қабатында жарақталған екен. Халықаралық байқаушылар мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайсыздық тудырмас үшін келешекте учаскелерді бірінші қабатта орналастарған абзал, ал бұл мүмкін болмаса, мүгедектерге көмек көрсету мақсатында іске еріктілерді тарқан жөн деді.

Саят Ермек – тілші:

– Халықаралық байқаушылар Петропавлда ғана емес, ауылдық жерлердегі учаскелерге де бас сұғып, мұндағы сайлау барысын бағамдады. Мәселен, Қорғаннан келген ТМД миссиясының өкілдері 9 топқа бөлініп, 6 аудандағы 50 шақты учаскені аралаған. Мұнда да бірде-бір бұзушылық анықталмапты.

Ашық, демократияшыл, заңға сай. Теріскейдегі сайлауға ресейліктер берген баға осындай. Ал ЕҚЫҰ өкілдері бұл турасында камераға пікір білдірмеді. Неге? Өйткені, аталмыш ұйым миссиясының кодексіне сай, бұл байқаушыларға БАҚ өкілдерімен тілдесуге болмайды.
Сайлауға шет елде жүрген отандастарымыз да қатыса алды. Маңызды саяси оқиға күні өзге мемлекеттерде 64 учаске жұмыс істеген. Ресейдегі қазақстандық азаматтар белсенділігімен ерекшеленген.

Есенгалий Ибраев – ТМД миссиясының байқаушысы, Түмен облысы, РФ:

– 2 мыңнан астам Қазақстан азаматы Ресей аумағында дауыс берді. Федерация бойынша 7-ден астам учаске жұмыс істеді. Мұнда дауыс беріп, өз таңдауын жасауға келген сайлаушылар белсенділігімен танылды.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қазақстандықтардың шамамен 80 пайызы өз таңдауын жасаған. Халықаралық байқаушылар мұны аса жоғары көрсеткіш деп отыр. Оларды, әсіресе, жастардың белсенділігі мен учаскелердегі мерекелік көңіл күй таң қалдырған.

Саят Ермек