Қоғам

Петропавлда ойын алаңқайлары салынып жатыр

Жаңа әрі қауіпсіз. Петропавлда соңғы үш жылда 139 балалар ойын алаңқайы тұрғызылған. Оған бюджеттен 220 млн теңге бөлініпті. Бұл жұмыс биыл да қарқын алды.

Бұл – Володарский 94 мекен жайы бойынша орналасқан балалар алаңқайының бұрынғы кейпі. Ескі және тот басқан. Бірақ, бүгіндегі жағдай мүлдем басқаша. Енді балалар жап-жаңа алаңның қызығын көрмек. 40-қа жуық балғын үшін қазір “Шанхай-Север”серіктестігінің мамандары түррлі ойын жабдықтарын орнатып жатыр.

Данияр Нурамчин: “Шанхай-Север” ЖШС балалар ойын алаңын орнату бойынша маманы:

– Бұл алаңға әткеншек-теңгергіш, алтыбақан, «Гимнаст» спорт кешені, 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге арналған «Забава» спорт кешені, құмсалғыш, күрке орнатылады. Олардың жарамдық кепілдемесі – 2 жыл.

Жұмыстың аяқталуына аз уақыт қалды. Балалар сужаңа әткеншектерді бағалап үлгерген. Тұрғындардың сөзінше бұрын бүлдіршіндерді далада қыдыртып, алтыбақандарда ойнату үшін саябақтарға бару керек болатын. Бірақ, оған үнемі уақыт табыла бермейді. Ал қазір олардың барлығы аулаға орнатылып жатыр.

Ольга Большедворова, қала тұрғыны:

– Бұрын ешқандай әткеншектер болған жоқ. Балалар ойнайтын, сырғанайтын жерлерді өздері тауып алатын. Оларға арнап ойнау алаңын орнатып жатқандарына қуаныштымыз. Өйткені, біздің аулада бүлдіршіндер көп.

Петропавлда соңғы үш жылда 139 ойын алаңы орнатылған. Оған бюджеттен 220 млн теңгеден астам қаржы бөлініпті. Жыл соңына дейін тағы 47 алаң салу жоспарланып отыр. Қазіргі кезде оның жартысына жуығы дайын.

Маржан Касымбек