Қоғам

Петропавл-Шарм эш Шэйх бағытындағы алғашқы рейс

Петропавл – Шарм эш Шэйх! Маусымның 8-і теріскейден Мысырдың танымал курорттарының біріне алғашқы әуе көлігі аттанды. Қазір 200-ден астам адам Қызыл теңіз жағасында демалуда. Туристер елге маусымның 19-і оралмақ.

Сағат түнгі 1. Петропавл әуежайына біртіндеп жұртшылық жиылуда. Үлкен чемодандарын ұстаған адамдарды алда керемет демалыс күтіп тұр. Ауа райы мың құбылатын Петропавлдан олар сафари мен пирамидалар еліне аттанбақ. Қасымовтар жанұясы шетелге осымен 3-ші рет шықпақшы. Түркия еліне 2 мәрте барған отбасы биылғы жазды Мысыр еліне саяхаттан бастауды жөн көріпті. Әсіресе, туындаған оңтайлы мүмкіндікті қалай пайдаланбасқа дейді?

Нұрай Қасым: 

– Біз отбасымызбен демалысты алдын ала жоспарлағанды ұнатамыз. Қазақстаннан ұшатын рейстерді барлығын қарап шықтық. 0-45/01-00 Шарм эш шэйхқа бірінші рет барайын деп жатырмыз. Мен үшін сафариді көріп, Қызыл теңізде шомылған өте қызық.

Шарм эш Шэйхке жол тартатын жандардың арасында Анна Куницкая да бар. Нәзікжанды отбасымен Омбы қаласынан келіпті. Көрші мемлекет 2015 жылдан бері Мысырға қатынайтын рейстерді тоқтатқан болатын. Осылайша, демалыстарын Қызыл теңіз жағасында өткіземін деген ресейліктер Астана, Алматы қалалары арқылы ұшуға мәжбүр болды. Енді бұл арақашықтық сәл қысқарды.

Анна Куницкая – Омбы қаласының тұрғыны, РФ:

– Мысыр еліне алғаш рет барайын деп отырмыз. Петропавл қаласына бірнеше сағаттың ішінде жеттік. Өте ыңғайлы. Үш апта бұрын шетелге барып келуге бел будық. Барлық отбасымызбен демалып қайтпақшымыз. Көңіл күйіміз көтеріңкі.

Валентина Куницкая – Омбы қаласының тұрғыны, РФ:

– Біз сіңлім екеуміз маржан кедертастарын көргіміз келеді. Сондықтан, арнайы маска алдық. Су астында жүзіп, осы бір сұлу көріністі тамашаламақпыз.

Мысыр кез келген адамды таң қалдырмай қоймайды. Тіпті, 22-ші рет бара жатсаң да пирамидалар еліндегі қызық бітпейді дейді Николай Яборов. Азаматтың Шарм эш Шэйх курортына алғаш 2007 жылы жолы түсіпті. Сол уақыттан бері 12 айда кемінде екі рет баратын көрінеді. Демалыс орындарының түкпір-түкпірін аралаған шаһарлық теріскейліктерге бірнеше кеңес те берді.

Николай Яборов – қала тұрғыны:

– Шарм эш Шэйхқа баратын туристер міндетті түрді көздің жауын алатын маржандарды көрулері қажет. Балықтар да өте әдемі. Менің суасты фотоаппаратым бар. 2-3 сағат бойы фильмдер түсіремін. Мысыр еліне келгендерге пирамидаларды көрмей кетуге болмайды. Ал экстремалдар үшін онда Моисей тауы бар. Негізі, Шарм эш Шэйхтағы нағыз қызған маусым наурыз және қазан айының соңы деп саналады. Сондықтан, рейс жыл бойына ұзартылса тамаша болар еді.

Әуе көлігінің жыл он екі ай қатынауы тұрғындардың өздеріне байланысты. Әзірге, рейс тек қазан айына дейін жұмыс істемек. Егер ұшақ үнемі лық толы болып, сұраныс артып жатса, әуежай басшылығы оны ұзартпақ. Айта кету қажет, 10 күнде бір рет адамдарды көптен күткен демалысына апаратын әуе көлігі 235 орынға шақталған.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Әлемге әйгілі пирамидалар, дайвинг, сафари және естен кетпес естеліктер. Бірер минуттан соң мына ұшақ теріскейден тура Мысырдың танымал курортына аттанбақ. Бар-жоғы 5,5 сағаттан кейін әуе көлігі Шарм эш Шэйх әуежайына қонады.

Алайда, әуе көлігі бірнеше минуттан кейін емес, бірнеше сағаттан соң аттанды. Орын алған жағдайды әуежай басшылығы түсіндірді. Маусымның 8-і таңғы 04-28-де қонған ұшақтың ұшуын техникалық себептермен кейінге қалдыруға тура келіпті.

Марат Хасенов – “Петропавл халықаралық әуежайы” АҚ директоры:

– Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы маман келді. Кейін Алматыдан да маманды шақырттық. Олар барлығын тексергеннен кейін 4-тер шамасында ұшақ аттанды. Бұның барлығы жолаушылардың қауіпсіздігі үшін жасалды.

Петропавл қаласының 180 тұрғыны рейс кейінге қалдырылған соң үйлеріне қайтқан. Ал Ресейден ат терлетіп келген 20 туристті әуежай басшылығы шаһардағы қонақүйлерге жайғастырыпты. Тағы 35-і аэропортта қалуды шешкен. Қазір бұл азаматтардың барлығы жоспарлағандарындай Шарм эш Шэйх курортында демалып жатыр.

Эльмира Сәдуақасова