Қоғам

Кәсіпкерлерді оқыту

Кәсіпкерлердің білімін арттырып, тәжірибесін толықтыру. Дәл осындай мақсатпен Петропавлда “Іскерлік байланыстар” жобасы бастау алды. Аталған бағдарлама аясында солтүстікқазақстандық 30 бизнесмен 3 апталық тегін оқытудан өтпек. Шара соңында үздік жұмыс авторлары қолға алған істі одан әрі дамыту үшін Германияға барады.

Ирина Фенске – тәжірибелі бизнес-тренер. Ол 1 жылдың ішінде әлемнің ондаған елін аралап, кәсіпкерлерге істің қыр-сырын үйретеді. Бүгін шетелдік маман Петропавлға келіп отыр. Мұнда нәзік жанды 30 жерлесімізге бизнес турасындағы білімімен бөліспек.

Ирина Фенске – бизнес-тренер, ГФР:

–  Оқыту барысында кәсіпкерлер бірінше кезекте өз істерін дұрыс жүргізуді және дұрыс мақсат қоюды үйренеді. Тағы, жұмыс барысын жеңілдететін, тұтынушылармен байланыс орнататын түрлі заманауи бағдарламалар мен цифрлы технологиялардың негіздерін меңгереді. Бұл өте маңызды. Себебі, қазіргі уақытта кез келген салада сандық құрылғылар мен жүйелер қолданылып жатқаны мәлім.

Солтүстікқазақстандық іскер жандарды оқыту 3 аптаға жалғаспақ. Осы уақыт ішінде жерлестерімізге Ирина Фенскеден өзге де бірнеше бизнес-тренер сабақ береді. Бұл мамандардың дәрісін жеке кәсіпкер Алма Мұстафина да тыңдамақ. Ол қазір жерге орналастыруды жобалау жұмысымен айналысады. Азаматша мұнымен тоқтап қалмақ емес. Болашақта өзін жанына жақын тігіншілік саласында байқап көрмек ниетте.

Алма Мұстафина – “СК Проект” ЖК директоры:

– Алдағы уақытта құрылысшыларға арналған жұмыс киімдерін тіккім келеді. Қазір біздің қаламызда мұнымен ешкім айналысып жатқан жоқ. Сондықтан, компаниялар қажетті дүниені өзге жақтардан сатып алуда. Олардың сапасы өте нашар. Тез тозып қалады. Оқытуда қолға алатын ісімді дұрыс бастауды, жүргізуді және клиенттермен келіссөздер жүргізуді үйренгім келеді. Мұның пайдасы тиеріне сенімдімін.

Айта кетейік, оқытудан соң үздік жобалар іріктелінеді. Кейін, олардың авторлары Германияға барады. Ол жақта кәсіпкерлер 4 апта бойы бизнес-тағылымдамадан өтеді, шетелдік ұйымдармен іскерлік байланыс орнатады. Осының алдындағы оқытудың қорытындысы бойынша мұндай мүмкіндікке 1 теріскейлік азамат ие болыпты.

Әсел Самаратова – СҚО кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

– Биыл “ЭкоПак” ЖК директоры Германияға барды. Ол экологиялық таза қораптар шығарады. Кәсіпкер шетелде іскерлік келіссөздер жүргізді.

Жалпы, “Іскерлік байланыстар” жобасына Қазақстан бойынша 500-ге жуық адам қатысып жатыр. Олардың 40-тан астамын Германияға жіберу жоспарланған.

Байболат  Култанов