МТРА жаңалықтары

Қызылжар ауданында 31 мыңға жуық адам дауыс беруге құқылы

Бүгін Қызылжар ауданында 65 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Оларда 31 мыңға жуық адам дауыс беруге тіркелген. Телеарнаның түсірілім тобы Бескөл ауылындағы бөлімшелердің бірінде болып, саяси науқанның өту барысын көрді, таңдау жасаған тұрғындармен тілдесті.

Галина Новикова – Бескөл ауылының тұрғыны. Таңертең 65 жастағы нәзікжандының денсаулығы сыр беріпті. Сол себепті, сайлауға келе алмаған екен. Алайда, түс ауа жағдайы түзелген соң, бірден азаматтық парызын өтеуге бет алған.

Галина Новикова – Бескөл ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Бүгін сондай бір шуақты әрі маңызды күн. Президент сайлауы өтіп жатыр. Сәл ауырыңқырап тұрсам да көптен қалмайын деп дауыс беруге келдім. Бұған дейінгі сайлаулардың бәріне қатысқам. Өйткені, бұл – менің азаматтық борышым.

Жалпы, Бескөл ауылындағы №269 сайлау учаскесі аудандық мәдениет үйінде орналасқан. Мұнда 1523 адам тіркелген. Олардың жартысынан астамы түске дейін келіп, еліміздің болашағы үшін таңдауларын жасапты. Есептен шығару талонын алғандар да бар.

Сара Алдаева – Бескөл ауылындағы №269 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы, Қызылжар ауданы:

– жерлесіміз заңнамаға сәйкес есептен шығару талонын алды. Ол құжат бойынша таңдауын басқа аймақта жасайды. Денсаулығы нашар, жарымжан адамдарды да назардан шығарған жоқпыз. Ондай 29 кісінің үйіне мамандарымыз көлікпен барып, дауыстарын жинады.

Бүгін бұл жерде 58 жас алғаш рет дауыс беріп жатыр. Ұл-қыздарға сыйлықтар берілуде. Туған күн иелері де осындай тартуға ие болады. Сайлау барысын байқаушылар қадағалайды. Олар таңсәріден ешқандай заңбұзушылықты анықтамапты.

Сермұхамед Оралұлы – байқаушы, Қызылжар ауданы:

–  Халық жақсы келіп жатыр. Дауыстарын беріп жатыр. Бәрі жақсы, тыныш өтуде.

Айта кеткен жөн, бүгін Қызылжар ауданында 65 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Оларда 31 мыңға тарта адам дауыс беруге құқылы. Бөлімшелердің кейбірінде тұрғындарға ән-жырдан шашу шашылды.

Байболат  Култанов