МТРА жаңалықтары

Тергеу изоляторындағы сайлаудың өтуі

ЕС-164/1 мекемесіндегі жандар да кезектен тыс президент сайлауына қатысты. Мұндағы
сот үкімін күтіп отырған және тергеліп жатқан 112 адам өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланып, дауыс берді.

Бұл – қаламыздағы Заречный кентінде орналасқан ЕС-164/1 мекемесі. Мұнда жабық үлгідегі 656-шы сайлау учаскесі құрылған. Бүгін осы жерде сот үкімін күтіп отырған және тергеліп жатқан жандар конституциялық құқықтарын пайдаланып, дауыс береді. Оларға ел президенттігіне кандидаттар алдын ала таныстырылған.

Екатерина Говоркова – №656 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы:

– Біз сайлауға дайындықты кесте бойынша, яғни мамырдың 10-ы күні бастадық. Алдымен қамауда отырғандардың құжаттарын тексердік, дайындадық. Дауыс беру бөлмесін әзірледік. Саяси науқан алдында мұндағы адамдарға газет және радио арқылы кандидаттар мен олардың сайлауалды бағдарламалары таныстырылды.

Сағат тілі 7-ге таяғанда саяси науқан басталды. Бөлмеге сайлаушылар кіріп өз дауыстарын беруде.

Оларды айдауылшы қызметкерлер қатаң бақылап тұр. Ал іште 5 адамнан тұратын комиссия мүшелері отыр. Мамандар келгендерді қабылдайды, негізгі ережелерді түсіндіреді және қандай да бір сұрақтар қойылса, жауап береді.

Қанат Сәлімбаев – СҚО бойынша ҚАЖД ЕС-164/1 мекемесі бастығының орынбасары:

– Бүгінгі күні ЕС-164/1 мекемесінде 152 тұлға ұсталуда. Олардың 112-сі дауыс береді. Қалған 40-қы – сотталғандар және өзге аймақтарға жіберілуші адамдар. Олар сайлауға қатыса алмайды.

Жаңағы аталған 112 адамның барлығы 1 сағаттың ішінде қалаған кандидаттарына дауыс беріп болды. Саяси науқанға байқаушылар қатысып, шараның мөлдір өтуін тексеріп кетті.

Айта кетейік, сот үкімін күтіп отырған және тергеліп жатқан жандардың дауыстары бір жерге жинақталып, орталық сайлау комиссиясына жіберіледі.

Байболат Бектемірұлы