МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда 93 сайлау учаскесі жұмыс жасады

Елімізде бүгін кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Республика бойынша барлығы 9970 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Оның 663-і – Солтүстік Қазақстан облысы аумағындағы бөлімшелер. 93 учаске Петропавлда қаласында жайғастырылды. Бүгін таңсәріден бұл жерлерге тұрғындар толассыз келіп, жоғарғы мемлекеттік лауазымға үміткер 7 кандидаттың біріне дауыстарын берді. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов пен танымал жерлес актриса Самал Еслямова да маңызды шарадан шет қалмады.

Петропавлдағы 595-ші сайлау учаскесі. Ол өңірлік балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында орналасқан. Учаске ашылғалы 5 минут та өткен жоқ, бірінші бюллетень жәшікке түсті.

Зейнеткер Алтай Қожахмет те сайлау учаскесіне келген алғашқылардың бірі. Таңсәріден қария өз таңдауын жасады. Өзім үшін емес, келін-бала, немере-шөберелерімнің жарқын болашағы үшін дауыс бердім дейді.

Алтай Қожахмет – қала тұрғыны:

– Сайлаудан күтетініміз – халыққа тыныштық. Елдің әл-ауқаты, қал-жағдайы жоғарыласа, балаларымыз, немерелеріміз шатты өмір сүрсе.

Жұртшылық сайлау орындарына ағылып, өзі лайықты санайтын, көңілі қалаған кандидатқа дауыс беріп жатыр.

Евгений Семидоцких – қала тұрғыны:

– Еліміздің болашағы біздің таңдауымызға тікелей баланысты. Сондықтан, әркім өзі тіркелген учаскеге келіп, дауыс бергені жөн.

Алғашқы үш сағаттың ішінде 595-ші учаскеге 110 жерлесіміз келген. Ал тіркелгендердің саны – 1416. Олардың арасында әйгілі актриса Самал Еслямова да бар. Мәскеуде оқығанда елшілікке барып, дауыс беріп жүрген танымал жерлесіміз таңдауын биыл туған өлкесінде жасап отыр.

Самал Еслямова – актриса:

– Тек қана жақсылық болсын деп тілеймін. Бейбітшілігіміз сарқылмайды деген сенімдемін.

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов та бюллетеньге белгі қойып, дауыс берді. Облыс әкімінің сөзінше, жаңа Президентпен Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне аяқ басады.

Құмар Ақасақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Президент сайлауы кез-келген мемлекет үшін маңызды саяси оқиға. Біз бүгін еліміздің болашағын таңдап жатырмыз. Елдің болашағы әрқайсымызға байланысты.

Барлығының көңіл күйі көтеріңкі. Өйткені, бәрі жаңа мемлекет басшысының жаңа жетістіктерге жетелейтініне сенеді.
Айта кетейік, бүгін ел бойынша барлығы 9970, ал шет мемлекеттерде 64 сайлау учаскесі жұмыс жасауда. Теріскейде 663 бөлімше орналасқан. Дауыс беру кешкі сағат 8-де аяқталады.

Саят Ермек