МТРА жаңалықтары

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да 3 сайлау учаскесі орналасты

Өз дауысын лайықты деп тапқан кандидатқа беру үшін 8 мыңға жуық теріскейлік М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-іне келеді. Олардың 3 жарым мыңға жуығы – жоғары оқу орны мен М.Жұмабаев атындағы педагогикалық колледжінің студенттері.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің 2-корпусында орналасқан 580-сайлау учаскесіне адамдар ағылып келуде. Олардың барлығы науқанның қорытындысы бойынша ел Президенті атанатын жандардың біріне дауыс бермекші. Жалпы, сайлау учаскесіне 2893 адам тіркелген. Солардың басым бөлігі – жоғары оқу орнының студенттері.

Нұрай Жанаева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Бұл таңдау өзіміз бен еліміздің болашағы үшін аса маңызды. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деп тілеймін.

580-сайлау учаскесінде барлығы 10 адам жұмыс істеуде. Олардың 2-уі – сайлаудың әділ өтуін қадағалап отырған байқаушылар. Мұнда таңғы сағат 7 мен 10 жарымның аралығында 800-ге жуық солтүстікқазақстандық келіп, өз кандидатына дауыс беріп үлгерді.

Зинаида Ктиторова – қала тұрғыны:

–  189 Мен сайлауға жас кезімнен бері белсенді қатысып келемін. Өзімнің азаматтық парызымды ешқашан ұмытқан емеспін. Бүгін де ерте оянып, тарихи сәттің куәсі болуға келдім. Еліміздің тұтқасын кім ұстаса да Отанымыздан береке кетпесін.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де барлығы – 3 сайлау учаскесі орналасқан.

Эльмира Танакулова – №580 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы:

– Дауыс беру үрдісі бірқалыпты жүріп жатыр. Сайлау учаскесіндегі науқан барысы барлық талаптарға сай, ашық әрі мөлдір өтуде. Біздің бөлімшеге тіркелгендердің арасында жастар көп.

Ал «Денсаулық» коммерциялық емес жеке меншік мекемесінде 642-ші сайлау учаскесі орналасқан. Мұнда келушілерді мәдениет үйінің өнерпаздары әуелеген әнмен қарсы алуда. Сағат 11-ге дейін сайлау учаскесіне тіркелген 1500 адамның 700-ге жуығы дауыс беріп үлгерді.

Саят Ермек