Ауыл шаруашылығы

Солтүстікқазақстандық жұмыртқаға Ресей нарығы ашық

Жарты миллиард теңге. Соңғы 8 айда солтүстікқазақстандық жұмыртқа өндірушілері осынша табыстан қағылған. Өйткені, Ресей өткен жылдың қыркүйегінен бері біздегі құс еті мен жұмыртқаның импортына шектеу қойған болатын. Бұған теріскей аумағында “Ньюкасл” атты құс дертінің бас көтеруі себеп болған. Осыдан бірнеше күн бұрын шектеу өз күшін жойды.

Қауіпті Ньюкасл дерті. Оның ошағы өткен жылдың жазында Айыртау ауданына қарасты Елецкое селосынан табылған болатын. Ауру аулада жүрген 5-6 тауықтан анықталған. Елді мекен бірден карантинге жабылады, тиісті ветеринарлық шаралар жүргізіледі.

Саят Ермек – тілші:

– Көп кешікпей қауіпті дерттің бас көтергені жайлы ақпарат Ресей ауыл шаруашылығы бақылау басқармасына жетеді. Көрші ел сақтануды шешіп, қыркүйектің 26-сынан бастап солтүстікқазақстандық тауықтар мен олардың жұмыртқаларын импорттауға тыйым салады.

Шектеу 8 айға жалғасады. Яғни, 8 ай бойы теріскейлік құс фермалары өнімдерін Ресей нарығына шығара алмай, қалтадан қағылады. Солтүстік Қазақстанда жұмыртқа өндірісімен 5 кәсіпорын айналысады. 2018 жылы олар Ресейге шамамен 33 млн дана өнімді экпорттаған. Ал қойылған шектеудің салдарынан олар жарты миллиард теңгеге шығынға батқан. “Фирма Алекри” серіктестігі – табыстан қағылған кәсіпорындардың қатарында.

Александр Прядко – «Фирма Алекри» ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Мәселен, өткен жылы Ресей импортқа тыйым салғанға дейінгі 8 айдың шінде біздің компания онда 8 млн дана жұмыртқа жіберіпті. Шектеу қойылмаған жағдайда жыл аяғына дейін тағы сонша жөнелтер едік. 150-160 млн теңге табыстан айырылып қалдық. Серіктестеріміз ай сайын хабарласып, жағдайды сұрап тұрды. Өйткені, біздің өнімді олар ең сапалы санайды. Бүгінге дейін жұмыртқаларды Қазақстан қалаларына, тағы Қырғызстан, Өзбекстан мен Ауғанстанға экспорттадық.

Алайда, серіктестік директоры Александр Прядконың айтуынша, біз үшін ең сенімді серіктес бұл – Ресей. Мұнда теріскейлік жұмыртқаға сұраныс әрдайым жоғары. Дегенмен, көрші мемлекетке жөнелтілуі тиіс жұмыртқа 8 ай бойы ішкі нарықта қалды емес пе?! Артық өнімді өткізу үшін өндірушілер оның бағасын біраз түсіруге де мәжбүр болған. Бұл мәселені 8 айға созбай, ертерек шешуге де болар еді. Алайда, артық қағазбастылық пен ветеринарлық қызметтердегі сылбыр жұмыс бұған мүмкіндік бермепті. Күте-күте зарыққан, табыстан қағылып жатқан солтүстікқазақстандық құс өнімдерін шығарушы кәсіпкерлер проблеманы министрлік деңгейіне шығарады.

Дархан Қалиев – СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Өткен айда Ауыл шаруашылығы министрінің қатысуымен үлкен жиын өтті. Отырыста теріскейлік кәсіпкерлер бұл мәселені министрдің алдында көтеріп, жуық арада шешуді сұрады. Осының арқасында бірден ресейлік органдармен келіссөздер жүргізілді. Проблема небәрі екі аптаның ішінде шешімін тапты.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мен кәсіпкерлер палатасы қолға алған шаралардың нәтижесінде маусымның үші шектеудің күші жойылды. Енді теріскейлік жұмыртқаларға Ресей шекарасы ашық. Ньюкасл ауруы қауіп төндіріп тұрмағалы қай заман? Қазір өңірдегі эпизоотикалық жағдай тұрақты. Бақандай 8 айға созылған үзіліске қарамастан жергілікті фирмалар ресейлік серіктестерінен айырылып қалмаған. Қазірдің өзінде манағы “Фирма Алекри” компаниясы 360 мың дана жұмыртқаны Түмен облысына қарасты Ишим қаласына жөнелтіп жатыр.

Саят Ермек