Аптадағы маңызды жаңалықтар

Киров зауытындағы жаңғырту жұмыстары

Киров атындағы зауыттың қуаттылығы артпақ. Кәсіпорында жаңғырту жұмыстарының аясында су жаңа қондырғы орнатылмақ. Бүгінде өндіріс ошағы бірқатарын сатып алған.

Мына су жаңа қондырғылар Киров зауытына мамыр айында әкелініпті. Еуропа мен Азия елдерінде жасалған аппараттарды мәскеулік компания орнатқан. Алайда, құрылғылар әлі іске қосылған жоқ. Тамыз айында алғашқы сынақ өткізіледі. Осылайша мамандар техникада жұмыс істеуді меңгеріп, қыркүйекте баспа платалары шығарыла бастайды. Шаруа кәсіпорынды жаңғыртудың үшжылдық кешенді жоспарының аясында жүргізілуде. Бұл мақсатқа бюджеттен 2,2 млрд теңге қаржы бағытталыпты. Соманың жартысынан көбі осы уақытқа дейін игерілген. Күні кеше қалған аппараттарды сатып алуға қажетті 548 млн бөлінді.

Мәди Бектенов – «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ сату департаментiнiң директоры:

– Қолда бар қондырғылармен тек екіжақты платаларды шығарамыз. Жаңа техника 16 қабатты платаларды шығаруға мүмкіндік береді. Олардың бағасы жоғары болмақ. Себебі, сапасы жоғары.

Техникамен облыс әкімі Құмар Ақсақалов танысты. Автоматтандырылған үстіңгі монтаждау желісі қондырғысының мүмкіндігі зор. Аппарат шаруаны тез әрі кемшіліксіз орындайды екен.

Наталья Кожемякина – «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ инженер-технологы:

– Құрылғының көмегімен біз платаға 60 минут ішінде 30 мың құрам бөлікті орната аламыз. Ескі «Нео-ден» желісі шаруаны 7,5 сағатта орындайтын. Осылайша, енді өндірілетін өнімнің көлемін едәуір арттыруға болады. Сондай-ақ, бізде автоматтандырылған оптикалық және электрлік бақылау аппараты болған жоқ. Ол бізге адамдардың тарапынан кететін қателіктерді жоюға мүмкіндік береді. Платалардың сапасын тез тексере аламыз.

Бұл шаруаны қазір мамандар қолдарына лупа алып, өздері атқарады екен. Сондықтан, аталған мақсатқа уақыт көп жұмсалады. Егер платаларда кемшіліктер табылып жатса, онымен арнайы қондырғы айналысатын болады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

–  Заманауи қондырғылар 12 ай ішінде 2 млрд теңгенің тауарын шығарады. Апаппарат бір жылдың ішінде-ақ жұмсалған қаржыны өндіріп алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, үшжылдық кешенді жаңғырту жұмыстары Петропавл машина жасау зауытында да жүргізілген болатын. Кәсіпорынды қондырғылармен қамтамасыз етуге 4,5 млрд теңге жұмсалды. Өндіріс ошағында 39 заманауи қондырғы іске қосылады. Бүгінде олардың 11-і орнатылды.

Кейін аймақ басшысы Құмар Ақсақалов ЗИКСТО зауытындағы қазіргі жағдайды баян етті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

–  Жұмысшылардың барлығына жалақы төленді. Кеше зауыттықтарға жаңа басшыны таныстырдық. Қазір кәсіпорынның алдағы уақыттағы жұмысы талқылануда. Шілде айынан бастап өндіріс ошағының тамырына қайта қан жүгіреді деп жоспарлаудамыз. ЗИКСТО сұранысқа ие тауарларды шығарады. Сондықтан, оның тоқтап қалуына жол бере алмаймыз.

Кейін өңір жетекшісі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мына залда да болды. Мұнда 16 қабатты платаларды шығаратын қондырғылар орналастырылмақ. Жалпы, бүгінде Киров зауытының негізгі тапсырыс берушісі – еліміздің Қорғаныс министрлігі. Алдағы уақытта өндіріс ошағы Ресей нарығына да шығып, орнығуды жоспарлап отыр. Себебі, жаңа қондырғылармен жасалатын сапалы баспа платалары жоғары сұранысқа ие болмақ.

Эльмира Садвокасова