Құқық қорғау органдары

Есірткімен күрес

Петропавлда бұған дейін бәз біреулер үйлердің біріне синтетикалық заттар сатылатын сайттардың атауын жазып кеткен болатын. Бүгін ол толығымен өшірілді. Оның орнында ананың және 2 баланың суреті пайда болды.

Бұл – “Казахстанская правда” көшесі бойында орналасқан 120-шы үйдің аркасы. Мұнда бұрын синтетикалық есірткі түрлері сатылатын сайттардың атауы жазылып тұрыпты. Қазір олардың ізі де жоқ. Себебі, қабырғаға Станислав Алерт есімді өнерлі жігіт адамдардың суреттерін салған, бояған. Осылайша жазуларды жойған. Істі шебер 1 жарым күннің ішінде тындырыпты.

Станислав Алерт – қала тұрғыны:

– Мен “стрит арт” өнерімен бұрыннан айналысамын. Алдымен адамдарды суретке түсіремін. Кейін, оны қағаз бетіне бейнелеймін. Міне, соған қарап отырып кісілердің бет-жүзін ғимараттарға саламын. Мына бейнелер СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұсынысымен жасалды. Іспен айналысуға бірден келістім. Себебі, зиянды заттардың алдын алу керекпіз.

Бұл – Станиславтың екінші жұмысы. Кезекті туындысында ол 2 кішкентай баланың және оларға арқасымен тұрған нәзікжандының суретін салыпты. Осылайша автор қоғамдағы есірткіге тәуелді әйелдерді көрсеткісі келген екен.

Жандос Басыбаев – СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:

– Бүгінгі күні облыста есірткіге тәуелді жандардың есебінде 691 адам тұр. Оның 40-ы – әйелдер. Өкінішке қарай, жартысын аналар құрайды. Біз мына бейнелер арқылы нәзікжандылар қауымы балалардан теріс айналмау қажеттігін, зиянды заттарға әуес болмауын көрсеткіміз келеді. Осымыз жүзеге асты деп ойлаймын.

Салынған суреттер тұрғындарға да ұнады. Олар пайдасыз жазулардың орнында әдемі бейнелердің пайда болғанына разы.

–  Мен көрші аулада тұрамын. Осы жерден жиі өтеміз. Суреттерді көрдім. Өте әдемі.

– Мен әрбір адам есірткімен күресу қажет деп ойлаймын. Осындай суреттердің салынғаны дұрыс. Өзіме ұнады.

Жыл басынан бері облыс аумағында есірткі бизнесіне қатысты 120-дан астам құқықбұзушылық орын алыпты. Нәтижесінде 75 келіден аса зиянды зат тәркіленген.

Байболат  Култанов