МТРА жаңалықтары

Автобустардың жағдайы талқыланды

Петропавлға елордадан республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа-орталығының мүшелері келді. Олар бірқатар мәселелерді талқылап, алдын алу жолдарын қарастырды.

Денсаулық сақтау, білім беру саласы, жолаушылар тасымалдаудағы қауіпсіздік. Айтылғандардың барлығына республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа-орталығының мүшелері мониторинг жүргізіп жатыр. Ұйым осыдан 5 жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласында құрылған. Олар облыстарда туындаған мәселелерді анықтап, бір шешімін табу мақсатында сол өңірлерге барады.

Руслан Асылбеков – «Бірінші сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа-орталық» РҚБ төрағасының орынбасары:

– Биыл Петропавлда 3 автобус өртеніп кетті. Абырой болғанда, зардап шегушілер жоқ. Осындай оқыс оқиғалардың туындауын анықтап, алдын алу шараларын жүргізу – біздің міндетіміз. Мұнда келуіміздің басты себебі де осы. Өйткені, бәрінен бұрын тұрғындардың қауіпсіздігі маңызды.

Шара ашық әңгіме түрінде өткізілді. Облыстық Автокөлік одағы қауымдастығының төрайымы Галина Семеноваға жиналғандар көптеген сұрақтарын қойды. Олардың бірі көліктердің жай-күйі болса, екіншісі автобустарда сатылып жатқан ескі билеттер жайлы.

Галина Семёнова – “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы: 

– Көліктер міндетті түрде ай сайын тексеріліп тұрады. Оларды жиі техникалық бақылаудан өткіземіз. Ал билеттерге келсек ол сұраққа жауап беру бізге де қиындау болып тұр. Өйткені, мәселеге қатысты бірқатар олқылықтар бар. Оны түзеу мақсатында KazInterSoft, яғни билеттерді электронды тарату жобасын іске асырмақшымыз.

Айта кеткен жөн, KazInterSoft жобасы Петропавлда биыл жаздың ортасында пилоттық режимде қолға алынады деп жоспарланып отыр.

Маржан Касымбек