Спорт

Теріскейде қыздар арасында волейболдан жазғы чемпионат бастау алды

Бүгін Петропавлда 2006-2007 жылдары туылған қыздар арасында волейболдан жазғы ел чемпионаты бастау алды. Оған республикамыздың облыс орталықтарынан 13 команда жиылды. Барлығы жарысқа қатысуға 200-ге жуық спортшы ниет білдірген.

Дәл қазір Ақтөбе облысының “Хромтау” құрамасы мен Түркістан облысының “Шардара” командасы жаттығып жатыр. Бірер минуттаң соң ойын басталады.

Міне, тартысты дода да басталып кетті. Екі құраманың қыздары да жақсы дайындықпен келгені байқалып тұр. Бұрымдылар бір-біріне дес берер емес. Жалпы, екі құрама өзара 5 ойын өткізеді екен. Сөйтіп, алғашқы периодтың нәтижесі бойынша Түркістан облысының “Шардара” командасы қарсыластарынан 25:23 есебімен басым түсті. Алда әлі 4 ойын бар.

Жанерке Дәулетбай – чемпионатқа қатысушы, Ақтөбе облысы:

– Толығымен біздің құрамада 13 қыз бар. Бұған дейін Ақтөбеде облыс жарысынан біз 1-ші орын алдық. Кейін Оренбургте 2-ші орын алдық. Негізі, волейбол тез ойлануға, шешім қабылдауға көмектеседі.

Петропавлда волейболдан қыздар арасында жазғы ел чемпионатын өткізу игі дәстүрге айналған. Өңірімізде байрақты бәсеке осымен 4-ші мәрте өткізілуде. Барлығы – 13 команда.

Людмила Ким – чемпионаттың бас төрешісі, Алматы қаласы:

– Чемпионатта ең кішкентай волейболшы қыздар бақтарын сынауда. Бұған дейін олар аралас құрамаларда ойнаса, бүгін олар тек өз жастағыларымен сынға түсуде. Әрине, төрелік ету қиын. Себебі, әр құраманың қыздары өзінше ерекше. Әр команда жеңіске жету үшін бар күш-жігерін салып ойнап жатыр.

Айта кеткен жөн, жарыс аяқталғаннан кейін жеңімпаздарға кубоктар мен медальдар табысталмақ.

Дана  Ешкенова