Аптадағы маңызды жаңалықтар

Сырымбет – әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі

Кеше облыс әкімі Құмар Ақсақалов Айыртау ауданына жұмыс сапарымен барды. Онда өңір жетекшісі ісі енді басталып жатқан орталық Азиядағы ең ірі – Сырымбет қалайы кен орнында болды. Мұнда аталған пайдалы қазба түрінің  1 жылдың ішінде 10 мың тоннасы өндірілмек. Оған өңір тарихында бұрын-соңды болмаған рекордтық – 100 млрд теңге инвестиция тартылыпты.

Кеңес Одағы тұсында сұлу Сырымбеттің даласы көп зерттеледі. Мұнда жер-жерден геологтар ағылып, пайдалы қазба іздеген екен. Сөйтіп, 80-ші жылдардың ортасында ірі кен қоры анықталады. Бірақ, ол игерілмей, сол күйі қалған. Енді, міне тиісті жұмыстар бастау алып, қалайы, вольфрам мен мыс өндіру қолға алынып жатыр.

Сергей Волков – “Tin One Mining” АҚ бас геологы:

–  Кен орны 4 жарым шақырым жерді алып жатыр. Соның 2 киллометрінде қазу жұмыстарын жүргіземіз. 230 метр тереңдікке түсеміз. Сол жерде пайдалы қазба бар. 1 тонна кеннің құрамында 0,45 пайыз қалайы болады. Сырт көзге пайдалы дүниенің көлемі аз сияқты. Бірақ, бұл жерде өте көп қазба байлық жатыр. Сондықтан, экономикалық тұрғыда көл-көсір табыс әкеледі.

Кен орнына облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы келіп, іс барысымен танысты.

Дмитрий Хван – “Tin One Mining” АҚ вице-президенті:

– Бұл аумақта 99 млн тонна кен қоры бар. Оның 500 мың тоннадайын қалайы құрайды. Біз бірінші кезеңде жалпы аумақтың орталық бөлігінде жұмыс жүргіземіз. Ол жерден 153 мың тонна қалайы ашық әдіспен алынады. Негізі, барлығы – 3 кезең. Кен орнында іспен 15 жыл айналысамыз.

Сырымбеттегі табысты істі бастауға ұзақ уақыт кетті, қыруар қаржы жұмсалды. Мұнда өңір тарихындағы ең көп инвестиция тартылыпты. Дәл сол құйылған қаражаттың арқасында кен орны көлемі жағынан өте ірі болып отыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қазақстандағы жалғыз және Орта Азиядағы қалайының ең ірі кен орны. Бұл жобаның іске асырылуын біз 18 жылдай күттік. Биыл мамыр айында жер жұмыстары басталды. 100 гектар көлемінде жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл -біздің облысымыз үшін ең ірі инвестициялық жоба. Инвестицияның көлемі – 100 млрд теңге.

2020-да кен орны аумағында қуатты кобинаттың құрылысы басталмақшы. Ол 2 жылдан соң тапсырылмақ. Нәтижесінде өндіріс ошағында 1 жылдың ішінде 10 мың тонна қалайы өндіріледі, 600 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Әзірге, бұл жерде 60-ға жуық маман еңбек етіп жатыр. Болашақ кәсіпорынға инфрақұрылым тартуға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліпті.

Дмитрий Хван – “Tin One Mining” АҚ вице-президенті: 

– 2016 жылы электр тарату желісі мен қуаттылығы 50 мегаВатты құрайтын негізгі қосалқы станция салынды. Іске мемлекет тарапынан 1 жарым млрд теңге жұмсалды. Бұл біздерге зор қолдау болды.

Айта кетейік, Сырымбет кен орны Қазақстанның қалайы өндірісіндегі беделін арттырады. Осылайша, еліміз аталған пайдалы қазба түрін өндіру бойынша әлемдегі еңі ірі 10 мемлекеттің қатарына енбек.

Байболат  Култанов