МТРА жаңалықтары

Сенімді ақтамаған серіктестік

Айыртау ауданындағы Светлое селосында сенімді ақтамаған серіктестік жұмыс істейді. Халық оны осылай атап кеткен. Себебі, “Жарқын СҚ” агроқұрылымы 29 мың гектарға дән сепкенімен тұрғындардың тұрмысын түзеуге, мамандардың жалақысын төлеуге асығар емес. Бүгінгі күні кәсіпорынның жалпы қарызы 60 млн теңгеге жақын. Елді мекенге облыс әкімі Құмар Ақсақалов барып, тұрғындардың базынасын тыңдады, серіктестіктің бас директорына жағдайды жедел түрде реттеуді тапсырды.

Светлое – облыс орталығынан 160 шақырым жерде орналасқан село. Аталған елді мекен бір кездері күллі облысқа танылып, дүркіреп тұрыпты. Мұнда аурухана, перзентхана, балабақша, түрлі дүкендер мен жеміс-жидек бағы болған. Қонақ үй жұмыс істеген. Қазір біраздан жөндеу көрмеген жалғыз мектеп қана тұр. Бүгін бұл білім ошағында жиналыс өтіп жатыр. Кездесуде әдеттегідей оқушылардың оқу үлгерімдері, ұстаздардың сабақ жоспары емес, көптің көңілін қалдырған “Жарқын СҚ” серіктестігінің мәселесі талқылануда. Шара барысында сөз кезегі алдымен осы агроқұрылымның бас директоры Бейбіт Молдашевқа берілді.

Бейбіт Молдашев – “Жарқын СҚ” ЖШС бас директоры:

– Біздің жұмысымыз 2007 жылы басталды. Содан бері компанияны дамыту үшін 3 жарым млрд теңге инвестиция құйдық. Жаңадан тоқ, қоймалар салдық, тұқым кептіргіш орнаттық. Машина-трактор паркін жаңарттық. Қазір бізде 8 дән себу кешені мен 15 комбайн бар.

Баяндама әдемі. Алайда, серіктестік село үшін, тұрғындар үшін не істеді? Ешнәрсе тындырмапты. Тек астық жиған, өзінің жағдайын жақсартқан. Мұны облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатаң сынға алды. Ол қалтаны қампайтуды ғана ойлаймай, ауылдағы ағайынның тұрмысына да бір уақыт мән беру қажеттігін ескертті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бейбіт Жеңісұлы, өсіретін дақылдарыныз, құйған ақшаңыз жайлы әдемілеп қанша айтсаңыз да тізе беруіңізге болады. Бірақ, бір уақыт селоға да көңіл бөлу қажет қой. Мұнда ешбір жұмыстың атқарылып жатқаны байқалмайды. Сіздер кәсіпкерсіздер. Сондықтан, әлеуметтік жауапкершілікті мойындарыңызға алуға міндеттісіздер. Қазір әдепті бизнесмендердің бәрі халыққа жаны ашып жұмыс істеп жатыр.

Өңір жетекшісі айтып отырған әдепті кәсіпкерлер кімдер? Жиын барысында Құмар Ақсақалов олардың атын атады, ілкімді істерін тілге тиек етті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

–  Мәселен, Заградовка селосы. Мұндағы серіктестіктің директоры 4 мың гектар жерге дән себеді. Соған қарамастан елді мекенді гүлдендіріп, жұмысшыларға лайықты жалақы төлеп отыр. Мемлекеттен берілген субсидияны дұрыс іске жаратуда.

“Жарқын СҚ” серіктестігі 4 емес 29 мың гектарға егін егеді. Жердің құнарлығы өте жоғары. Алайда, егіннің шығымдылығы нашар, ел игілігі үшін істелген жұмыс жоқ. Осы орайда айта кетейік, былтыр агроқұрылымға 45 млн теңге субсия беріліпті. Жалақы мәселесі де көңіл көншітпейді. Мамандар 4-5 айлап еңбекақыларын ала алмай жүр. Оларға кәсіпорын басшылығы 6 млн теңге қарыз. Зейнетақы төлемі өткен жылдан бері аударылмаған. Ал мемлекет қазынасына төленбеген салықтың көлемі 51 млн-ды құрайды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2006 жылдан бастап серіктестікте жалақы 106 мың теңге болған. Қазір 66 мың теңгені құрайды. Мамандардың табысы өсудің орнына, керісінше төмендеп жатыр. Төлеп отырғаныңыз тиын ғана. Ол неге жетеді? Олай болмайды. Адамдарға лайықты ақша беру қажет. Сонда тұрғындардың көшпесі анық. Ал қазір селоның жартысы босап қалған.

Кездесуде базынасын айтып, ортаға шыққандар аз болмады. Олар жалақының дұрыс берілмейтін айтты. Мәуеш Қалиев селоның біртіндеп құлдырап бара жатқанына назалы.

Мәуеш Қалиев – Светлое селосының тұрғыны, Айыртау ауданы:

– Қазір бәрін бітірдік. Мынау фирма келіп сол кезде салынған жолды бітірді, егін егеді де салып кетеді. Жастардың бәрі ауылдан кетті.

Сенімді ақтамаған серіктестікке тиісті шара қолданылуы қажет. Жиналыста Құмар Ақсақалов жер инспекциясы басқармасының басшысы Бейбітпек Жайлыбаевты орнынан тұрғызып, осы жылдың ішінде ешнәрсе істелмесе “Жарқын СҚ” серіктестігінен тиесілі алқаптарды алып қою керектігін айтты. Ал агроқұрылым директорына тағы бір джипті алуды емес, тұрғындардың тұрмысын түзеуді тапсырды. Атқарылған істі облыс әкімі өзі келіп көрмек.

Байболат  Култанов